Бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының брифингі өтті. Жиында Ұлттық бюро Тергеу департаменті басшысының орынбасары Олеся Кексель сыбайлас жемқорлық қылмыстарының тергеу барысы және нәтижелері туралы баяндады. деп хабарлайды Baq.kz.
Бюро тергеушісінің айтуынша, Қазақстанның бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты қылмыстық іске байланысты барлық үрдістер аяқталып, істі прокуратура қарағаннан кейін айыптау актісі бекітілді.
Осылайша, қылмыстық іс Астана қаласындағы қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотқа жіберілді.
«Бишімбаев «Бəйтерек» холдингінің төрағасы болған кезінде пара алу жəне жымқырудың қылмыстық схемасын жасаған. Ол құрылыс компанияларынан олардың мүддесін қорғағаны үшін пара алып отырған. Сондай-ақ, ол бұл іске қол астындағы қызметкерлерді де тартқан. Бишімбаевқа 1,2 млрд теңге сомасына 8 пара алу фактісі, 1 бюджеттік қаржыны жымқыру фактісі тағылып отыр. 346 млн теңге көлеміндегі 7 пара жалдамалы тұрғын үй құрылысы бойынша «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында қолды болған. Бишімбаев «Бəйтерек» холдингімен келісімшарт бекіткісі келген əр құрылыс компаниясынан пара талап етіп отырған. Бишімбаевпен бірге «Бəйтерек» холдингінің 7 лауазымды тұлғасы қылмыстық жауапқа тартылып отыр. Олардың қатарында «Бəйтерек» холдингінің Басқарма төрағасы Жақсыбаев, оның орынбасары Жақыпов пен құрылымдық бөлімшелердің басшылары бар. Біз іс аясында пара берген 5 құрылыс компания басшысын да жауапқа тарттық. Олар Тараз, Орал мен Павлодарда жалдамалы тұрғын үй салумен айналысқан. Бишімбаев тағы 2 млн долларды «Шымкентхиммонтаж» құрылтайшысынан алған. Ол Қызылорда қаласында шыны зауытының құрылысымен айналысқан. Бишімбаев пара алу əрекетіне өз ағасы Нұрлыбек Сұлтанды да тартқан. Пара сол арқылы жеткізілген. Қылмыстық істі тергеу аясында 2 млн доллар көлеміндегі параны түгел сол ағасының шотынан таптық. Біз ағасын да қылмыстық жауапқа тарттық. Ол қамауға алынған», — дейді Кексель.
Оның айтуынша, параға алынған қаржының барлығы тінту барысында анықталып отырған. Қылмыстық іс бойынша шығын толық өтелген. Күдіктілердің 1 млрд теңге көлеміндегі мүлкі кепілге алынған. Осы мүлікті тəркілеу мәселесі сотта қаралады.
Атап өтсек, бұған дейін бұл қылмыстық іске 23 адамның қатысы бар екені жəне олардың 20-сы кінəсін толық мойындағаны белгілі болған. Сондай-ақ, Бишімбаев жымқырған қаржысының бір бөлігіне Қосшыда зәулім үй салғанын да хабарлаған едік, деп хабарлайды Baq.kz.