Қазақстан Республикасының Парламент Мәжілісі отырысында Қазақстан Республикасының Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов құқық қорғау саласындағы орын алатын өзгерістер туралы мәлімдеді, деп хабарлайды inform.kz пен baq.kz сайттары
Дәлел таппаған тергеушінің жағдайы қиындайды…
«Тергеу органдары істі бір факті бойынша қозғайды, ал кейін осы факті аясында дәлел таппаса, басқа ілік іздей бастайды. Бұл тұрғыда адам құқығына нұқсан келтіріледі. Себебі тергеу үшін ең басты мәселе — ол адамды заңсыз жауапқа тартқанына жауап бермеу. Енді нақты іс бойынша дәлел жоқ болса, іс жабылып, бұл бағытта тергеу органдарының жауапкершілігін күшейтеміз», — деді Қазақстан Республикасының Бас прокурорының орынбасары М. Ахметжанов
Адам кінәсін мойындап тұрса, айыппұлға келіссе, «Бұйрық өндірісі» қолданылады
«Заң жобасындағы тағы бір жаңалыққа тоқталсақ, «Бұйрық өндірісі» деген жаңа институтты енгізіп жатырмыз. Жеңіл-желпі қылмыстарды қарау мерзімін азайтуды ұйғардық. Адам кінәсін мойындап тұрса, дәлелдер жеткілікті болса, айыппұлға келіссе, сондай-ақ еш дау көтермесе, ондай жағдайда «Бұйрық өндірісі» қолданылады» және «Біз прокурор мен соттың істі қарау мерзімін азайттық. Енді прокурордың тексеру уақыты 3 тәуліктен 1 күнге қысқарады, сотта істі қарау 15 күннен 3 тәулікке дейін кемиді. Сонымен қатар қылмыстық теріс қылықтарға тоқталсақ, олар құқықтық тұрғыдан қылмыстан бөлек санатқа жатады. Бұрын әкімшілік құқық бұзу санатына кіретін. Оларды қылмыстық істер сияқты тергеп-тексерудің қажеті жоқ. Ондай істерді сол жерде хаттама жасап, сотқа бірден жолдаған дұрыс. Прокурор сотқа қатысып, өз қорытындысын береді. Жеңіл қылмыстар болса, сотқа тек қана прокурор арқылы барады», — деп түсіндірді Ахметжанов.
Санкциясыз ұстау мерзімін 72 сағаттан 48 сағатқа қысқартуды ұсынылды
«Сіздерге жаңа заң жобасымен келіп отырмыз. Бұл жобаның мақсаты – қылмыстық процесті реформалау емес. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері жүргізіп жатқан қылмыстық саясатының жалғасы. Оның басты концепциясы – қылмыстық процесті одан әрі жетілдіру және осы қылмыстық процеске қарапайым халықтың көзімен қарау. Бұл заң жобасы 5 маңызды бағытты қамтиды» және «Бірінші бағыт – қылмыстық процесте адамның құқын қорғау деңгейін арттыру. Екінші бағыт – қылмыстық процесте жарыспалықты күшейту. Тағы бір мәселе – сотқа дейінгі сот бақылауын күшейту. Төртінші бағытымыз – тергеу жүргізу тәртібін оңтайландыру. Тағы бір бағыт – тергеу, прокуратура және сот өкілеттіліктерінің қайталануын болдырмау. Олардың нақты бөлу. Бұл шаралар қылмыстық процесті жаңғыртуға, оны жетілдіруге бағытталған. Жалпы мұның бәрі дамыған елдерде бар. Ұсынылып отырған заң жобасы адамның жанына бататын нақты мәселелерді шешуді көздейді», — деді Ахметжанов.
«Өздеріңіз білесіздер, қазір ол 72 сағат. Оны біз 48 сағатқа қысқартуды ұсынып отырмыз. Ал кәмелетке толмағандар үшін 24 сағат қысқарту керек. Мұндай ұсыныс неден туып отыр дейсіздер ғой? Ең бастысы бұл — адамның құқығы. 48 сағат – ол халықаралық стандарт. Барлық дамыған елде осы мерзім көрсетілген. Біз де оған ұмтылуымыз керек», — деді Бас прокурордың орынбасары. Оның айтуынша, осы жерде адамның құқығы аяққа тапталады екен. Оларға қылмысты қинап мойындатуы және тағы басқа әрекеттер жасауы мүмкін. «Сондықтан осы саланы одан әрі жетілдіріп, мерзімді қысқартып, прокуратура қадағалауын күшейту талабы қойылып отыр», — деді ол. Алайда 72 сағат санкциясыз ұстау мерзімі терроризм және экстремизм, жаппай тәртіпсіздік, есірткі тасымалдау, балаларды зорлау, қасақана адам өлтіру секілді ауыр қылмыстар үшін өзгеріссіз қалады.
Экономикалық қылмыс жасаған азамат сотқа дейін қамауға алынбайды…
«Бизнеске қысымды азайту үшін экономикалық қылмыстар бойынша сотқа дейін қамауға алмайтын боламыз. Өйткені, мұндай қылмыстар адамның өміріне қауіпті емес. Әрине, рейдерлік, жалған ақша жасау, контрабанда, қаржы пирамидалары және ұйымдасқан қылмыстық топтар оған кірмейді»,«Енді қылмыстық құқық бұзушылық туралы арыздар, хабарлар мен рапорттар тіркелмейді. Қандай жағдайда? Бірінші, егер өкілетті органнан тексеру актісімен ревизия немесе аудитпен залал не елеулі зиян келгені және заңсыз кіріс болғаны расталмаса. Онда да қылмыс белгілері болуы керек. Екінші, жазбаша жасалған азаматтық құқықтық мәміленің орындалмауы құқық бұзушылыққа әкелмесе. Ол жағдайда да мәміленің жалған екенін дәлелдейтін сот шешімі болуы шарт. Осындай талаптарды кодекске енгізуді ұсынып отырмыз» және «Тағы бір маңызды мәселені атап өтейін. Қазіргі таңда тергеуші меншік иесінің мүлкін пайдалану құқығын 10 күнге шектей алады. Ол туралы бизнесмен білмеуі мүмкін. Енді тергеуші бұл туралы меншік иесіне 24 сағат ішінде хабарлауға міндетті. Ал 10 күннен кейін ол шектеуді алуға міндетті немесе мүлікке арест қою үшін сотқа баруы тиіс. Өкінішке қарай, қазіргі таңда ондай шектеу жоқ. Кейде мүлік ешқандай сот шешімінсіз айлап аресте тұрады», — деді ҚР Бас прокурорының орынбасары.
Енді істі жасыруға, жалған құжат жасауға жол берілмейді…
«Заң жобасына цифрландыруды енгіздік. Енді істерді электронды түрде жүргізуге болады. Бұл не үшін қажет? Цифрлы формат, ең алдымен, адамның құқығын қорғауды нығайтады. Өйткені барлық процесс алақандағыдай көрініп тұрады. Бастысы – сот пен прокурордың бақылауы артады. Енді істі жасыру, жалған құжат жасау деген болмайды. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлық пен қызмет бабын теріс пайдалану фактілері де азаяды. Бұл – цифрландырудың ең басты мақсаты» және «Электронды іс жүргізуге көшкен кезде біраз ұйымдастыру шаралары жойылады. Бір жапырақ қағаз алуға қазіргі тәртіпке сай үш тәулік кетеді, ал енді соның барлығын бір сағатта ұйымдастыруға болады. Бұл тергеушінің уақытын үнемдейді әрі аса ауыр қылмыстарға көбірек назар аударуға мүмкіндік беріледі» және «ІТ-жүйені прокуратурада жасадық. Бюджеттен ешқандай қаржы талап еткен жоқпыз. Бұл бағыттағы шаралар барлық қылмыстық процесті толық қамтиды, яғни қылмыстық тіркеуден бастап, сотқа дейінгі тергеуді және жазаның орындалу үдерісін ескереді», — деді Марат Ахметжанов.
Жоғарыдағы мәліметтер «Айғақ» газетінің №42, 18 қазан 2017 жылы жариялады.