Себебі, мұндай қылмыстар адам өміріне қауіп төндірмейді. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінде бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Бизнеске қысымды азайту үшін экономикалық қылмыстар бойынша сотқа дейін қамауға алмайтын боламыз. Өйткені, мұндай қылмыстар адамның өміріне қауіпті емес. Әрине, рейдерлік, жалған ақша жасау, контрабанда, қаржы пирамидалары және ұйымдасқан қылмыстық топтар оған кірмейді», — деді Марат Ахметжанов «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқықтық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстыру барысында.
Бас прокурордың орынбасары енді экономикалық қылмыстық істер бойынша арнайы талаптар қойылатынын атап өтті.
«Енді қылмыстық құқық бұзушылық туралы арыздар, хабарлар мен рапорттар тіркелмейді. Қандай жағдайда? Бірінші, егер өкілетті органнан тексеру актісімен ревизия немесе аудитпен залал не елеулі зиян келгені және заңсыз кіріс болғаны расталмаса. Онда да қылмыс белгілері болуы керек. Екінші, жазбаша жасалған азаматтық құқықтық мәміленің орындалмауы құқық бұзушылыққа әкелмесе. Ол жағдайда да мәміленің жалған екенін дәлелдейтін сот шешімі болуы шарт. Осындай талаптарды кодекске енгізуді ұсынып отырмыз», — деді ол.
Сондай-ақ, Ахметжанов тергеуші мен меншік иесі арасындағы тағы бір мәселеге тоқталды.
«Тағы бір маңызды мәселені атап өтейін. Қазіргі таңда тергеуші меншік иесінің мүлкін пайдалану құқығын 10 күнге шектей алады. Ол туралы бизнесмен білмеуі мүмкін. Енді тергеуші бұл туралы меншік иесіне 24 сағат ішінде хабарлауға міндетті. Ал 10 күннен кейін ол шектеуді алуға міндетті немесе мүлікке арест қою үшін сотқа баруы тиіс. Өкінішке қарай, қазіргі таңда ондай шектеу жоқ. Кейде мүлік ешқандай сот шешімінсіз айлап аресте тұрады», — деді ҚР Бас прокурорының орынбасары.