АСТАНА. ҚазАқпарат — Күдіктіге негізсіз айып таққан тергеу органдарына қатысты жауапкершілік күшейтіледі. Бұл туралы Парламент Мәжілісінде ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Келесі бір проблемаға тоқталып өтейін. Мәселен, тергеу органдары істі бір факті бойынша қозғайды, ал кейін осы факті аясында дәлел таппаса, басқа ілік іздей бастайды. Бұл тұрғыда адам құқығына нұқсан келтіріледі. Себебі тергеу үшін ең басты мәселе — ол адамды заңсыз жауапқа тартқанына жауап бермеу. Енді нақты іс бойынша дәлел жоқ болса, іс жабылып, бұл бағытта тергеу органдарының жауапкершілігін күшейтеміз», — деді М. Ахметжанов «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқықтық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстыру барысында. Сонымен қатар ол жедел іздестіру шараларына қатысты ұсынылып отырған өзгерістер жайында айтып берді. «Қазір арнайы жедел іздестіру шараларын барлық қылмыстар бойынша жүргізуге болады, тіпті ауыр қылмыстарды да. Енді олардың саны қысқарады. Тек ауыр, аса ауыр және ауырлығы орташа бірнеше қылмыстар қалады», — деді Бас прокурордың орынбасары. Бұдан бұрын хабарланғандай, заң жобасын таныстыру барысында Марат Ахметжанов Қазақстанда қылмыстарды қарау мерзімі қысқаратынын мәлім етті. Мұнымен қоса, экономикалық қылмыс жасады деген күдікке ілінген адамдар үшін санкциялар жеңілдетілмек.
Дереккөз: inform.kz