Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы таныстырылды. Заң жобасындағы өзгерістерді ҚР бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов айтып берді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Сіздерге жаңа заң жобасымен келіп отырмыз. Бұл жобаның мақсаты – қылмыстық процесті реформалау емес. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері жүргізіп жатқан қылмыстық саясатының жалғасы. Оның басты концепциясы – қылмыстық процесті одан әрі жетілдіру және осы қылмыстық процеске қарапайым халықтың көзімен қарау. Бұл заң жобасы 5 маңызды бағытты қамтиды», — деді ол.
ҚР Бас прокурорының орынбасары аталған бағыттарға тоқталып, ол дамыған елдерде қолданылып отырғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл бағыттар қылмыстық процесті жаңғыртуға және жетілдіруге бағытталып отыр.
«Бірінші бағыт – қылмыстық процесте адамның құқын қорғау деңгейін арттыру. Екінші бағыт – қылмыстық процесте жарыспалықты күшейту. Тағы бір мәселе – сотқа дейінгі сот бақылауын күшейту. Төртінші бағытымыз – тергеу жүргізу тәртібін оңтайландыру. Тағы бір бағыт – тергеу, прокуратура және сот өкілеттіліктерінің қайталануын болдырмау. Олардың нақты бөлу. Бұл шаралар қылмыстық процесті жаңғыртуға, оны жетілдіруге бағытталған. Жалпы мұның бәрі дамыған елдерде бар. Ұсынылып отырған заң жобасы адамның жанына бататын нақты мәселелерді шешуді көздейді», — деді Марат Ахметжанов.
Осы орайда ол бұл қандай мәселелер екенін айтты. Бірінші мәселе – ол адамды санкциясыз ұстау мерзімі. Конституция оның жоғарғы шегін бекіткен.
«Өздеріңіз білесіздер, қазір ол 72 сағат. Оны біз 48 сағатқа қысқартуды ұсынып отырмыз. Ал кәмелетке толмағандар үшін 24 сағат қысқарту керек. Мұндай ұсыныс неден туып отыр дейсіздер ғой? Ең бастысы бұл — адамның құқығы. 48 сағат – ол халықаралық стандарт. Барлық дамыған елде осы мерзім көрсетілген. Біз де оған ұмтылуымыз керек», — деді Бас прокурордың орынбасары.
Оның айтуынша, осы жерде адамның құқығы аяққа тапталады екен. Оларға қылмысты қинап мойындатуы және тағы басқа әрекеттер жасауы мүмкін.
«Сондықтан осы саланы одан әрі жетілдіріп, мерзімді қысқартып, прокуратура қадағалауын күшейту талабы қойылып отыр», — деді ол.
Алайда 72 сағат санкциясыз ұстау мерзімі терроризм және экстремизм, жаппай тәртіпсіздік, есірткі тасымалдау, балаларды зорлау, қасақана адам өлтіру секілді ауыр қылмыстар үшін өзгеріссіз қалады.
«Сонымен қатар төтенше жағдай кезінде адамды сотқа уақытында жеткізу мүмкіндігі болмаса талап өзгеріссіз қалады», — деді Марат Ахметжанов