«Қасиетті Қазақстан» телеэкспедициясы 16 қазан күні Атырау облысында аялдап, тарихи орындардан түсірілім жасады. Соның бірі — Елбасы Нұсрұлтан Назарбаевтың бағдарламалық мақаласы аясындағы «Туған жер» бағдарламасына енген Атырау облысының Сарайшық қаласы тарихта гүлденген қолөнер мен сауда қаласы болғандығы айтылады.
Суретте: ОҚО мәслихатының депутаты, ОҚО Қоғамдық кеңесінің мүшесі, Дулат Әбіш, меценат Ғани Шаймарданов, блогер Абай Андабаев
Суретте: «Айғақ» телеарнасының бағдарламалар бөлімінің редакторы Гүлжан Нұрланқызы, оператор Айдар Есқұлов
Қасым хан билік еткен тұста, яғни 1513 жылы Сарайшық Қазақ хандығының астанасы болған. Қасым — Жәнібектің ұлы, Шыңғысханның үлкен ұлы Жошының ұрпағы. Қасымның әкесі Жәнібек – Кереймен бірге ХV-ші ғасырдың ортасында қазақ хандығын құруға белсене еңбек еткен тұлға. 1511 жылдан Қасым хан өмірінің хандық дәуірі басталған. Оны халқы ежелгі түрік дәстүрі бойынша ақ киізге отырғызып, хан көтерген. Қасым хан қазақ мемлекетін күшейтуді, оның жерін кеңейтуді және халқының санын көбейтуді мақсат еткен. Оның тұсында қазақ хандығы жері бұрынғы Көк Орда жерінен де көп кеңейген. Сыр бойы қалаларының көбі қазаққа қаратылған. Қасым өзі билік құрған тұста Өзбек хандығынан Сырдария бойын, Моғолстаннан Жетісу өңірінің үлкен бөлігін, Ноғай Ордасынан Ембі, Жайық пен Еділ аралығын өз хандығына қосқан, Қасым ханның өзге елдер алдында беделі өскені сонша, кезінде Қазақ хандығы «Қасым хандығы» деп аталған. Оның кемеңгерлігі мен әділеттілігі арқасында көрші елдермен сыйластық қатынас орнаған, өз ішінен бүлінген Ноғайлы елінің қомақты бөлігі Қазақ хандығына келіп қосылған. Қасым хан кезіндегі хандықтағы халықтың саны миллионнан асқан. «Қасым ханның қасқа жолы» аталатын көне жарғы да осы кездері қалыптасқан. Ел ішінде Қасым хан денесі «осы Сарайшықта жатыр» деген сөз де өріп жүр.
«Қасиетті Қазақстан» телеэкспедициясы бүгін Маңғыстау облысына бағыт алды.