Рухани жаңғыруды БАҚ өкілдері тек насихаттап қана қоймайды. Телеэкран немесе газет беттері арқылы жұртшылыққа ой салатын дүние әкелу – журналистердің де абыройын арттыратыны сөзсіз. Бұл тұста, құрылғанына 10 жыл болған Оңтүстіктегі «Айғақ» телеарнасы көптеген белестерді бағындырды. Арна басшысы, ОҚО Қоғамдық кеңесінің мүшесі, облыстық мәслихат депутаты Дулат Әбіштің тың идеялары ақпарат айдынында өзіндік орнын белгілеп үлгерді. Жаңа жобалардың бастамашысы болып жүрген парасат иесі Елбасы жолы атанған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізімен жүріп өтіп, халықаралық жолдың маңызын ашуды мақсат тұтып отыр. 11 қазан күні Шымкенттен таң ата шыққан делегация Батыс Қытай Батыс Еуропа автодәлізінің бойында орналасқан көптеген нысандарды назарына іліктірмей қоймады. Өйткені, халықаралық маңыздағы жолдың талапқа сай сервистері – туристік әлеуетімізді де айшықтай түспек. Иә, Шымкент пен Түркістанды жалғап тұрған күре жолдың әлі де кейбір тұстары қайта жөндеуден өтіп жатқандығы болмаса, көліктердің тақтайдай жолда жүйіткуі ел мүмкіндігін айқындай түспек. Ал, бұс тұста түркістандықтар делегация бастамасына өзіндік үн қатты.
Біздің түсірілім топтың назарын аударған келесі мәселе көптің көкейінде шығар. Әрине, Қызылорда облысы мен Оңтүстікті жол қылған ағайындар үшін бұл аралық үйреншікті болып қалған. Ал, шеттен келген меймандардың әсіресе, елдімекен атауларына үлкен мән беретіндігі бар.
Тарихымыздың бір бөлшегі, әлі де сыры ашыла қоймаған Сауран қалашығы да Қызылордамен шекералас тұста орналасқан. Алайда, Бұл белгі мәдениетімізге сын.
Қош делік, Түркістан мен Қызылорда қаласының ара қашықтығы 292 шақырым болса, 4 сағатқа жуық уақыт жолыңызға кетеді. Жолай тамақтанатын орындар жоқтың қасы. Сондықтан Түркістаннан жүрек жалғап шыққаныңыз абзал. Біздің түсірілім топ, сыр еліне кешкіқұрым мезгілде жеткендіктен, күннің батқанына қарамастан, тарихи нысан Қорқыт атаның мемориалдық кешеніне барып тоқтауды жөн көрді. Өйткені, үстіміздегі жылдың 5 қазанында мұнда Елбасы келіп, кешеннің тынысымен танысқан еді. Айтпақшы, Қазақстанның қасиетті 100 орнына енетін сәулеттік нысан, Қызылордадан 180 шақырым қашықтықта жатыр. Күре жолдың дәл тұсында орналасқан қасиетті мекен — келушілерді бірден өзіне баурайды. Айналаны қараңғылық басқанымен сонадайдан жарқыраған жарықтар кешеннің келбетін аша түсті. Түсірілім таңертең сағат 7-00-ден басталды. Өйткені, алда әлі Ақтөбеге жету үшін 900 шақырым қашықтықты еңсеру керек. Әу баста, 2 сағатқа жоспарланған экскурциялық аралау, 3 сағатқа дейін жүргізілді. Рухани дүниеңді байыта түсетін Ұлы даланың перзенті жайындағы аңыздар, біздерді одан әрмен қызықтыра түсті. Санаға түрлі ой салатын, сансыз көріністер, қазақ халқының ұлылығын тағы бір ұлықтады. Бұл жер — желмаяға мініп, жерұйық іздеген Қорқыт атаның мәңгілік жай тапқан мекені. Сырдарияның дөп жағасында орналасқан бейіттер, тарихтың сансыз қатпарларынан сыр шертеді. «Ұлы дала жолы» телеэкспедициясының арнайы хабарын арна тілшісі Ұлдархан Уәлиханқызы дайындаса, «Қасиетті Қазақстан» жобасы аясында киелі жерлерден редактор Гүлжан Нұрланқызы көрермен назарына бағдарлама ұсынады.