«Қасиетті Қазақстан» жобасы аясында Батыс Қазақстан облысының тарихи орындарында болып, түсірілім жасаған телеэкспедиция бүгін Атырау облысына жетті. Бөкей ордада ең танымал тұлғалардың бірі болған Махамбет Өтемісұлының кешеніне барып, тағзым жасады. Шығармашылық ұжым ауа-райының қолайсыздығына қарамастан, жаңбырлы күні батырдың зиратында болып, рухына Құран бағыштады. Ендігі бағыт Атырау қаласына арналып отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Жергілікті нысандар мен елді мекендерге бағытталған «Туған жер» бағдарламасынан бөлек, біз халықтың санасына одан да маңыздырақ жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз керек» делінген. «Қазақстаның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасына Атырау облысынан Махамбет Өтемісұлының тарихи нысаны мен Сарайшық қаласы енген. Айта кетейік, делегация құрамында меценат Ғани Шаймарданов, «Қорқыт ата» мемориалды кешенінің ғылыми қызметкері Мағауия Әлиев, блогер Абай Андабаев бар.
Айта кетейік, 19 ғасырдағы қазақтың ұлы ақыны, еркін ойлы мен көтеріліс рухтандырушысы Махамбет Өтемісұлының жерленген жері Атырау облысының Индер ауданы, Индербор ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 40 шақырымдағы жерде орналасқан. Ақынның қабірі мәдениет ескерткіші болып табылады.