Форумға 20 мемлекеттен 400-ге жуық қонақ келді. Отандық және шетелдік кәсіпкерлер шаһардағы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында салынып жатқан нысандарды аралап көрді. Солардың бірі – жыл соңында ашылатын «Дару жарығы» офтальмологиялық орталығы, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Дару» клиникасының жанынан салынған «Дару жарығы» офтальмологиялық орталығы жыл соңында жұмысын бастайды. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында салынып жатыр. Қазір құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Офтальмологиялық орталық 60 орындық және емханасында бір тәулікте 500 адам дәрігерге қарала алады. Емдеу орталығының ақтөбеліктер үшін маңызы зор. Енді тұрғындар көз ауруларымен Ресейге бармайды. Мұнда барлық жағдай жасалған. Еуропадан әкелінетін құрылғылар күрделі оталар жасауға мүмкіндік береді.
«Ақтөбеліктерге үлкен көмек деп ойлаймын. Себебі, біздің науқастар Ресейдің Уфа, Орынбор қалаларына бармай, Ақтөбеде емделе алады. Медициналық құрылғылар заманға сай. Алдағы уақытта Германия, Австриядан келіп мамандарымызды үйретеді. Қазір ақтөбелік мамандар шетелде біліктілігін арттырып жүр. Тұрғындар орталықта мемлекеттік тапсырыс бойынша ақысыз емделе алады. Тізімге ілікпейтін науқастарға да баға қолжетімді болады»,-дейді «Дару жарығы» офтальмологиялық орталығының бас директоры Ғалымжан Елеуов.
Құрылысына 3,5 млрд. теңге жұмсалған емдеу мекемесі елімізде теңдессіз. Нысанды «Aktobe Invest-2017» V халықаралық инвестициялық форумына қатысушылар аралап көріп, бағасын берді.
«Ақтөбеге халықаралық форумға қатысу үшін келдік. Шетелдіктермен сауда-экономикалық инвестициялық қатынастарды дамыту біздің мақсатымыз. Ақтөбеде ең маңызды нысандарды аралап шықтық. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында салынып жатыр екен. Өте жақсы үлгі. Қазақстаннан бизнестің дамуы туралы үйренуге болады. Алда тағы бір күн бар. Барлығын ертең қорытындылаймыз. Біздің елде де мемлекеттік-жекеменшік серіктестік бойынша салынып жатқан құрылыс нысандары бар»,-деді Арменияның Қазақстандағы елшісі Саакян Ара.
Одан өзге, форум қонақтары келесі жылдың басында жұмысын бастайтын балалар стоматологиялық емханасы мен Мұз сарайының құрылысымен танысты. Мұз сарайы 2018 жылдың үшінші тоқсанында ашылады. 2500 көрермен сыятын ғимараттың жалпы алаңы 6000 шаршы метр.
«ЭКСПО-2017: өңірлердің даму импульсі» тақырыбы аясында өтіп жатқан халықаралық инвестициялық форум ертең аяқталады. Форум аясында жалпы құны 200 млрд. теңге болатын 11 меморандумға қол қойылады деп жоспарлануда.
Дереккөз: baq.kz