«Ұлы дала жолы» атты телеэкспедиция екінші күнін қасиетті Қызылорда жерінде өткізді. Сыр өңірінде алдаған түсірілім тобы күллі Түркі жұртына ортақ Қорқыт баба мемориалдық кешенінде болып, баба туралы тың деректерге қанық болды.
Қорқыт Ата –түркі халықтарына ортақ ұлы ойшыл, жырау, қобызшы. Қорқыт Ата өмірде ізі, артында әдеби-музыка мұрасы қалған тарихи тұлға ретінде белгілі. Қорқыт Атаның өмір сүрген кезеңі туралы ғылымда әр түрлі болжамдар қалыптасқан. Алайда зерттеулердің көпшілігі Қорқыт Ата Сырдария бойында өмір сүрген оғыз-қыпшақ тайпалық бірлестігінде 10 ғасырдың басында дүниеге келген деген тұжырымға саяды. Рашид-ад-дин «Жамиғ Ат-Таурих»” атты тарихи шежіресінде Қорқыт Атаны қайы тайпасынан шыққан десе,Әбілғазының «Түрік шежіресінде оның тегі баят екендігі, оғыздардың елбегі болып, 95 жасқа келіп қайтыс болғандығы айтылады. Сыржағасына жақын жерде Қорқыт атаның зираты болғанын Ә.Диваев, т.б. ғалымдар өз еңбектерінде атап өтеді. Ә.Қоңыратбаевтың зерттеулерінде Қорқыт ата 11 ғасырдың басында дүниеден өткен делінсе, Ә. Марғұланның еңбектерінде ол 7 – 8 ғасыр аралығында өмір сүрді деген пікір айтылады.
Қазақ философиясы тарихында Қорқыт Ата– ел бірлігін нығайтқан кемеңгер қайраткер, түркі дүниетанымының негізін жасаған ғұлама ойшыл, әлемдік ақыл-ой мәдениетінде өзіндік орны бар философ-гуманист ретінде көрінеді. Қорқыт Ата жайындағы аңыздардан оның бойындағы үш түрлі өнер ерекше айқындалады. Біріншіден, ол оғыз-қыпшақ ұлысынан шыққан айтулы бақсы. Екіншіден – күйші, қобыз сарынын алғаш туындатушы өнерпаз. Үшіншіден – әйгілі жырау, оның жырлары оғыз-қыпшақ өмірін бейнелеген әдеби-тарихи мұра. Түркі халықтарының фольклорындағы Қорқыт Ата туралы аңыз әңгімелердің бірі оның туылуына байланысты. Қорқыт — түркілердің оғыз ұлысынан шыққан асқан сәуегей, бақсы, күйшілік, жыршылық өнерлерінің атасы болып табылады.
Үстіміздегі жылдың 5 қазанында жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы Қорқыт ата кешешінінде болып, мәдени орынның бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты. Естеріңізде болса 2014 жылы кешен Президент тапсырмасымен «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында қайта жаңғырған болатын.
Қорқыт Ата ескерткіші – сәулет өнерінің айрықша үлгісі. Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Жосалы кентінен 18 шақырым жерд орналасқан. Б.Ыбыраев пен С.Исатаевтың авторлығымен тұрғызылған ескерткіш темір бетоннан жасалған биіктігі 8 метр, 4 тік стеладан тұрады. Әрбір стела әр тарапқа қаратып тұрғызылған құлпытастарға ұқсайды. Жоғары жағы кеңейе келіп, шөміш пішінінде түйісетін стелалар қобыз бейнесін де меңзейді. Түйісер түбіндегі орталық тесігінде 40 металл түтік бар. Олар жел соққан кезде қобыз сарынымен үндес дыбыс шығарады. Аңыздарда айтылғандай, Қорқыт ата мазарында соққан желге үн қосатын қобыз қойылған.
Қорқыт Ата ескерткішінің ішкі жағы мәңгілік өмір сырын іздеген Қорқыт атаның киелі желмаясының шартарапқа жол тартқан ізін ишаралайтын «Түйе табан» өрнегімен безендірілген. Әрбір стеланың үшкілдене біткен төбесі күмбезге ұқсатылып, ерекше сәулеткерлік композиция шешім тапқан. 1997 жылы ескерткішті қалпына келтіру, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Амфитетар, қонақ үйі, т.б. нысандардан тұратын тұтас архитектуралық ансамбль жасалып, мемориалдық кешенге айналды. 2000 жылы кешен жанынан мұражай ашылды. Оның қорында 700-ге жуық экспонат сақталуда. Мұражай экспозициясында Қорқыт өмір сүрген дәуірдің тарихы мен мәдениеті жайлы мәліметтер беретін материалдар қамтылған. Бұл ескерткіш кешен күллі түркі халықтарына ортақ қасиетті зиярат орындарының бірі болып саналады
Телеэкспедицияның жолға шығуының басты мақсаты Ұлы Жібек жолының қазіргі заманғы баламыс болып табылатын Батыс Еуропа — Батыс Қытай халықаралық автодәлізімен жүріп өту. Ұлт Көшбасшысының бастамасымен салынған күре жолдың ел экономикасына қосар үлесі туралы арнайы хабар дайындауды көздеп отырған түсірілім топ Ақтөбе облысына қарай жолға шықты.