Қазақстан президенті ҚР энергетика министрі Қанат Бозымбаевқа өзіне жүктелген міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін сөгіс жариялады, деп хабарлады мемлекет басшысының баспасөз қызметінен.
«Мемлекет басшысының өкімімен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ұсынымы негізінде жанар-жағармай материалдарының ішкі нарығына тиісті бақылауды қамтамасыз етпеу түрінде көрініс тапқан жүктелген міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Қанат Алдабергенұлы Бозымбаевқа сөгіс жарияланды», — делінген сәрсенбіде Ақорда сайтында жаряиланған хабарда.
Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстан премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев ҚР президенті атына ҚР энергетика министрі Қанат Бозымбаевқа сөгіс беру туралы ұсынысхат енгізді, Бұл шара Қазақстанда орын алған бензин тапшылығына байланысты қабылданып отыр.
Өз кезегінде Қ.Бозымбаев елде орын алған бензин тапшылығы үшін қазақстандықтардан кешірім сұрады.