Қазақстан қастерлі Тәуелсіздігінің үшінші мүшелін зор рухани жаңғырумен бастады. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Ақтөбе қаласында өткен «Туған жер» республикалық форумына қатысушыларға жолдаған құттықтауында айтты. Хатты ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова оқып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақордаға сілтеме жасап.
«Менің бағдарламалық мақаламның аясында еліміздің барлық аймақтарында кең ауқымды жұмыстар қолға алынды. «Рухани жаңғырудың» негізінде жүзеге асырылып жатқан айрықша маңызды жобалардың бірі — «Туған жер». Әркімнің кіндік қаны тамған туған жері қайда жүрсе де жүрегінің төрінде. Біздің әрқайсымыз туған өлкемізді мақтан етеміз, алыс жүрсек сағынамыз, қамқорлық жасаймыз. Туған жерге іңкәрлік Туған елге сүйіспеншілікпен ұласады. Туған жерге қамқорлық Туған елге жанашырлықпен астасады», — делінген Мемлекет басшысының құттықтау хатында.
ҚР Президенті атап өткендей, «Туған жер» бағдарламасы жалпыұлттық патриотизмнің өзегі іспетті осындай ізгі ниеттер мен шараларды жүйелеп, ортақ игілікке айналдыруды көздейді. Ал форумға еліміздің барлық өңірлерімен қатар, 20 мемлекетте тұрып жатқан ақтөбеліктердің арнайы келуі — біздің ұлттық бірегейлігімізді, туған елге деген шынайы патриоттық сезімдерімізді айшықтай түседі.
«Бүгін Ақтөбеден бастау алған игі шара еліміздің басқа өңірлерінде жалғасын табарына сенімдімін. Сіздер шынайы патриотизм — «Мәңгілік Елдің» мызғымас тұғыры екенін бек түсініп, осынау патриоттық сезімді барша замандастарыңызға жеткізулеріңізді тілеймін! Сүйікті Қазақстанымыз гүлдене берсін! Мерейміз асып, бірлігіміз таси берсін! Мәңгілік Елдің көк байрағы әрқашан асқақ желбіресін!», — деп тіледі Нұрсұлтан Назарбаев.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгін Ақтөбеде «Туған жер» республикалық форумы өтті. Оған әлемнің 21 елінен Ақтөбе облысының 300-ден астам тумасы келді. Форум барысында олар 5 миллиард теңгенің әлеуметтік жобасына қолдау білдіретінін жеткізді.
ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Президент бастамаларын қолдайтын қоғам қарқынмен дамып келе жатқанын атап өте келе, Алматыда ауланы жинап, қоқыстан тазартқан он жасар Дәуіт Балтабаевтан үлгі алуға шақырды.
Дереккөз: inform.kz