Мамандық атаулының төресі — ұстаздық. Білім ошағының дүрсілдеген жүрегі болып саналатын мұғалімге көрсетілер құрмет зор болуы тиіс. «Еңбек күні» мен «Ұстаздар күні» облыс көлемінде аталып өтті. ОҚО бойынша салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымы ұйымдастырған шарада ұлағатты жандар марапатқа бөленіп, көңіл-күй көтерілді. Мерекелік іс-шараға ардагер ұстаздар, озаттар мен педагогтар әулет және биліктегі басшылар шақыртылған. Бүкіл адам баласы құрметпен бас иетін тәлім берушілер қай кезде болмасын алдыңғы шепте. Шуағы мол шапағат иелеріне арналған басқосу Ж.Шанин атындағы қазақ драма театрының ғимаратында өткізілді. Алайда, шараның дәл ортасында жарық сөніп, кешке арналған бағдарламаның қызықтары ұялы байланыстың жарығымен жалғасты. Дегенмен пейілдері кең ұстаздарды бұл сәт жабырқата қойған жоқ. Тіпті қыза түсті. Тілектер айтылып, марапат иелері марқайды.
Шара аясында мерейлі отбасылар сахна төріне шықты. Білім және ғылым саласына сіңірген еңбегі үшін төсбелгі тағып, «Еңбек күні» қарсаңында жас мамандарға еңбек кітапшасы табысталды. Қанаттары кеңге жайылып, істеріне сәттілік болсын деген оймен ынталандырылған сый болатын. Жас мамандар бұл күні ант қабылдап, ұлағатты ұстаз атауына кір келтірмесіне уәде берді. ОҚО Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы қолға алған шара әсерлі, жоғарғы дережеде ұйымдастырылыпты. Мәселен, жылдар бойы ұстаздық салада жүрген әулеттер сахнаға шығып, еңбектерінің жемісін сезінді.
Ұрпақ қамын ойлап, ұлт мерейін пайдадан артық көрген ұстаз — ұққан адам үшін мәртебелі маман. Табиғаттың қоңыр күзінде көңілге қуаныш сыйлап, әдемі теңеумен тілек айтылған шара соңында әндер шырқалып, мың алғыс білдірілді. Білім көшін жылжытып келе жатқан ұстаздар қауымын кәсіби мерекемен құттықтаймыз. Еңбектеріңіз жана берсін!