Жыл сайын Қазақстан кәсіби футбол лигасының ұйымдастыруымен еліміздегі бірінші лига клубтарының жасөспірімдер командалары арасында Біріншілік өтеді. Жағымды жаңалық, жақында «Қыран» командасының ізбасарлары биылғы футболдан Ел Біріншілігінің жеңімпаздары атанып, көпшілікті қуантты.
Білікті бапкерлер Марат Тәжібаев, Юрий Савин, Александр Юртаев жаттықтыратын Шымкенттің «Қыран» командасының 2001,2002, 2003 жылғы туылған жасөспірімдер құрамасы ақтық финалда қарсыластарын айқын басымдықпен ұтып, алтын медалге ие болды.
Оңтүстік Қазақстан облысындағы жастар футболының дамуына өзіндік үлесін қосып келе жатқан тәжірибелі жаттықтырушы Марат Тәжібаевтің айтуынша, 2003 жылғы туылған шәкірттері ақтық сында «Мақтаарал» командасының жас ойыншыларымен матч өткізіп, 3:1 есебімен қарсыластарын қапы қалдырды. Жеңіске деген құлшыныстары басым шымкенттік жастар осымен бірнеше дүркін футболдан Қазақстан Біріншілігінің жеңімпазы атанып отыр.
Жасыл алаңда өзге клубтардың жасөспірімдер командалары да шеберліктерін көрсетті. Қазақстан футболының кемелді келешектері осылайша жарқын жетістіктерімен еліміздің отандық футбол шаруашылығының дамуына үлестерін қосуды көздейді. Жас талантты футболшыларымыздың арасында футболдың серкелері Самат Смақов, Бауыржан Исламхан, Таңат Нөсербаев, Исламбек Қуат, Еркебұлан Тұңғышбаевтай дарынды жастар өсіп келеді.
2017 жылғы футболдан Қазақстан Республикасы Біріншілігінің жеңімпаздары «Қыран» командасының жасөспірімдер командасы еліміздің кәсіби футбол лигасы төрағасы Азамат Айтқожин жолдаған дипломдар мен арнайы Кубогімен марапатталды. Ал, жас футболшылардың жеңістері мен ғаламат жетістіктерін жоғары бағалаған «Қыран» футбол командасының директоры Владислав Казанков шәкірттерге сәттілік тіледі.
«Қыран» командасының баспасөз қызметі