Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев АҚШ-қа ресейлік миллиардер Алишер Усмановтың жекеменшік ұшағымен барды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі ozodlik.org сайтына сілтеме жасап.
Ұшақтарды нақты уақытта бақылауға мүмкіндік беретін Flightradar24 сайты жазғандай, радарға Airbus A340-313 ұшағы түсіп қалған, ол M-IABU кодымен тіркеліпті. Ал бұл код миллиардер Алишер Усмановқа тиесілі.
Лайнер 18 қыркүйек күні жергілікті уақытпен сағат 09:19-да Ташкенттің халықаралық әуежайынан ұшып шыққан. 13 сағат 5 минут бойы тоқтаусыз ұшқан ұшақ Нью-Йорктегі Джон Ф.Кеннеди атындағы әуежайға қонған.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев Нью-Йоркке БҰҰ Бас Ассамблеясының 72-ші сессиясына қатысу үшін барған болатын.
Алишер Усмановқа тиесілі Airbus A340-313 ұшағының тіркеу нөмірі –M-IABU. Мұндағы соңғы төрт әріп «I am Алишер Бурханович Усманов» дегенді білдіреді.
Сондай-ақ, «Өзбекстан 24» телеарнасынан көрсетілген бейнерепортаждан да Мирзиеевтің Америкаға Алишер Усмановтың жекеменшік ұшағымен барғанын байқауға болады.
Ұшақтың бір бөлігі видеоға түскен.
Нью-Йорк әуежайында Өзбекстан басшысын америка-өзбек сауда палатасының төрайымы Кэролин Лэмм қарсы алды. Әуежайдағы кездесу кезінде түсірілген суреттің артқы фонындағы ұшақ Алишер Усмановтың лайнеріне ұқсайды.
Айта кетейік, ресейлік миллиардердің Airbus A340-313 ұшағы – әлемдегі ең қымбат жекеменшік ұшақтардың бірі. Әуе кемесі 350 млн доллар тұрады. Ұшаққа Алишер Усмановтың әкесінің есімі «Burkhan» («Бурхан») берілген.
Өзбекстан басшысының АҚШ-қа мемлекеттік ұшақпен неге бармағаны әзірге белгісіз.
Шавкат Мирзиеев президент болып сайланғалы бері Алишер Усмановтың Өзбекстанға сапары жиіледі. Ресейдегі ең бай адамдардың бірі саналатын Усманов пен өзбек президентінің арасында туыстық байланыс бар. Шавкат Мирзиеевтің әйелінің жақын туысы Алишер Усмановтың немере інісі, 2013 жылы Ташкентте жол апатынан қаза тапқан Бабур Усмановқа тұрмысқа шыққан болатын.
Дереккөз: Baq.kz