Үкімет отырысында Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов 8 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджеттің орындалуы туралы есеп берді. Жиында министр бюджеттен бөлінген қомақты қаражатты игере алмаған министрліктерді атады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Игерудің жақсы қарқынына қарамастан ағымдағы жылғы 1 қыркүйектегі мәлімет бойынша 114,8 млрд теңге жоспарға сай орындалмады. Оның ішінде 13,2 млрд.теңге бюджет қаражатын үнемдеуге қатысты болса, 101,6 млрд теңге игерілген жоқ. Игерілмеудің ең үлкен өсіміне мынадай министрліктер жол берді: денсаулық сақтау – 20,3 млрд теңге, мәдениет – 9,3 млрд.теңге, ішкі істер – 9,3 млрд теңге, қорғаныс – 7,9 млрд теңге, ауыл шаруашылығы – 6,5 млрд теңге, білім және ғылым – 6,4 млрд теңге,
ұлттық қауіпсіздік комитеті – 10,6 млрд. теңге», — деді ол.
Кейін министр бюджет қаражатының неліктен игерілмегенін түсіндірді.
«Игерілмеудің негізгі себептеріне тоқталайын. Біріншіден, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің сылбырлығы. Мәселен, ағымдағы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша өткізілмеген конкурстар бар. Олардың ұзақ өткізілуіне және уақтылы өткізілмеуіне, өткізілу уақытын кейінге қалдыруға байланысты 16,6 млрд теңге игерілген жоқ. Ал 6,9 млрд теңге нормативтік-құқықтық актілердің уақытылы қабылданбауына байланысты игерілмеді», — деді басшы.
Сонымен қатар Бақыт Сұлтанов бюджеттік бағдарламалардың орындалуын бақылайтын қызметкерлердің де жұмысты тиісті деңгейде істемегенін алға тартты.
«Екіншіден, бюджеттік бағдарламалар әкімшілері тарапынан мердігерлердің жұмыстарына әлсіз әкімшілендіру мен әлсіз бақылау себеп. Мердігерлердің орындалған жұмыстар актілерін, шот-фактураларын уақытылы бермеу салдарынан игерілмеу сомасы –29,1 млрд теңге, өнім берушілердің орындалмаған шарттық міндеттемелері – 17,9 млрд теңге, жұмыс жүргізу кестесінен артта қалу – 14,5 млрд теңгені құрады», — деді ведомство басшысы Үкімет отырысында.
Сөз соңында министр аталған мәселе бойынша үнемі аталмыш мемлекеттік органдармен байланыста екенін атап өтті.
«Қаржы министрлігі апта сайын министрліктермен және әкімдіктермен селекторлық режимде бейнеконференциялар өткізеді. Күнделікті республикалық бюджет қаражатына байланысты жұмыстардың атқарылуына онлайн-мониторинг жүргізеді», — деп түйіндеді сөзін Бақыт Сұлтанов.
Дереккөз: Baq.kz