Енді 62 елдің азаматы Қазақстанға 30 күнге визасыз кіре алатын болды. Оның ішінде 20 елмен өзара визасыз режим орнатылды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында 2017-2021 жылдарға арналған көші-қон саясатының тұжырымдамасын талқылау кезінде Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеуберді мәлім етті, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
Вице-министр ұсынылған Көші-қон саясатының тұжырымдамасы шет мемлекеттермен шартты құқықтық базаны ұлғайту және қолайлы визалық режим орнату бойынша барлық мүдделі мемлекеттік мекемелердің жүйелі жұмысын жандандыруды көздейтіндігін айтты.
«Қазіргі таңда Қазақстанның визалық режимін оңтайландыру шеңберінде 62 шет мемлекеттің азаматтары елімізге 30 күнге визасыз кіру құқына ие болды. Оның ішінде 20 мемлекетпен визасыз режим екіжақты үкіметаралық келісім-шарттарға сәйкес тепе-теңдік негізде қарастырылған. Биыл 1 қаңтарынан бастап жаңа визалық қағидалар қолданысқа енді. Ең бастысы, Қазақстан визаларының санаттары жаңадан реттеліп, шақыруларды және визаларды рәсімдеу кезде талап етілетін құжаттардың тізімі қысқартылған. Аталған құжатта инвесторлар үшін бірқатар визалық жеңілдіктер қарастырылған. Атап айтқанда, ҚР Инвестиция және даму министрлігінің рұқсаты болған жағдайда шетелдік мекемелерге Қазақстанның инвесторлық визасы 3 жыл мерзімге дейін беріледі. Экономикасы дамыған мемлекеттердің азаматтары Қазақстанға бір мәртелік іскерлік визасын рәсімдеуде шақыруды қажет етпейді және құжаттар тізімін азайтылды», — деген Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары бизнесмендерге іскерлік визаларын беруді елшілер дербес шеше алатынын атап өтті.
Мұхтар Бескенұлы көші-қон үдерістерін жетілдіру үшін электронды визаларды рәсімдеуде жаңа технологияларды қолданатындықтарын айтты.
«Біз көші-қон үдерісін жетілдіру үшін мәселені туындаған бойда шешу және ҚР-дың құзырлы мемлекеттік мекемелерін бірлескен қызметтерін нақты бағдарлау, көшіп келушілердің ағымын және шекараны бақылау, басқару және шетелдіктерді автоматты түрде тіркеу, электронды визаны рәсімдеу үшін жаңа технологияларды қолдану арқылы бірлестірілген көп деңгейлі көші-қон бақылау жүйесін құрамыз», — деді вице-министр.
Дереккөз: Baq.kz