Қазақстанда АЭА және ИА қатысушылары үшін жер учаскелері «бір терезе» қағидаты бойынша беріледі, деп хабарлады ҚР инвестиция және даму министрлігінен.
Хабарда айтылғандай, «Арнайы экономикалық және индустриялды аймақтар туралы», сонымен қатар, «Арнайы экономикалық және индустриялдық аймақтар, инвестиция тарту, экспортты ілгерілету мен дамыту мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының бірқатар заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобаларына өзгерістер енгізілген.
«Заң жобасын әзірлеушілердің айтуынша, негізгі Заң жобасының аясында АЭА құру мәселелері мен олардың қызметінің басым түрлері; АЭА басқарма органының қызметін қаржыландыру; АЭА-ты басқару өкілеттілігін анықтау; ИА-тың құрылуы, қызмет түрлері мен жұмыс істеуі (республикалық, өңірлік, жеке және шағын индустриалды аймақтар) реттеледі», — делінген жұмада таратылған ИДМ хабарында.
Ілеспе заң жобалары Салық, Жер және Кәсіпкерлік кодекстеріне түзетулер енгізуді қарастырады..
Атап өтсек, Салық кодексіне енгізілетін түзетулер келесі мәселелерді қамтиды: белгіленген әр АЭА-дағы басым бағыттарды талдап тексеруді жою; АЭА-на қатысушылардың жалпы кірісінің құрылымына қойылатын талаптарды өзгерту; «ИТП» АЭА үшін әлеуметтік салық бойынша жұмыс істемейтін жеңілдіктерді жою; АЭА-ның нысандары аяқталмаған жер учаскелері бойынша салық жеңілдіктерін қолданбау; АЭА территориясында іске асырылатын тауарларға салынатын артық ҚҚС-н қайтарудың мүмкін еместігі туралы шешім; Инфрақұрылымды құру кезеңінде жаңадан қатысушылардың АЭА-на қол жетімділігін шектеу; АЭА басқару компаниялары үшін салық жеңілдіктерін кеңейту; АЭА территориясынан тауарларды экспорттау үшін кедендік жеңілдіктерді кеңейту.
«Жер кодексінде АЭА және ИА үшін жер учаскелерін алудың жеңілдетілген тәртібін регламенттеу, яғни, мүмкіндігінше қысқа мерзімде әрі аз процедуралар қарастырылған. АЭА және ИА аумағындағы жер учаскелерін игерудің мерзімі мен талаптарын анықтау процедураларын регламенттеу арқылы мақсатты түрде пайдаланылмаған жер учаскелерін мәжбүрлеп тартып алу процедуралары енгізілетін болады. Сондай-ақ, АЭА және ИА қатысушылары үшін жер учаскелері «бір терезе» қағидаты бойынша беріледі», — деді ҚР ИДМ.
Сонымен қатар, кәсіпкерлік субъектілері мен мемлекет арасындағы іс-қимылдың жалпы мәселелерін реттейтін Кәсіпкерлік кодексінің нормалары қайта қарастырылады. Оның ішінде, индустриалды-инновациялық қызметті мемлекеттік реттеу және қолдау мәселелері, салалық заңнамаға сүйене отырып, уәкілетті орган жүзеге асыратын бақылаудың болуы туралы норманың мақсатсыз болуына сәйкес оны алып тастау көзделеді.
Естеріңізге сала кетсек, 2017 жылғы 6 маусымдағы ҚР Үкіметінің отырысында мүдделі мемлекеттік органдармен, өңірлік әкімдіктермен және Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, Министрлік әзірлеген арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды дамытудың жаңа бағыттары қолдау тапты.
2017 жылғы 3 шілдедегі Ведомствоаралық комиссия отырысында «ҚР арнайы экономикалық және индустриалды аймақтар туралы» және «Арнайы экономикалық және индустриалды аймақтар, инвестиция тарту, экспортты дамыту және ынталандыру туралы ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобаларының тұжырымдамалары мақұлданды.
Дереккөз: ҚазТАГ.