Алматы қаласындағы Суретшілер Одағының галереясында Қазақстан Суретшілер және дизайнерлер Одақтарының мүшесі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сұлтан Иляевтің «Тартылыс…» атты жеке көрмесі өтуде.
Көрмеге автордың соңғы жылдары салынған туындылары қойылған.
Мылқау бейнені түсінікті тілмен сөйлетіп қою, тарихты туынды арқылы көрсете білу тек талантты өнер иесінің – суретші мен мүсіншінің ғана қолынан келетіні сөзсіз. Ондай дарынмен дараланған таланттар қазақта да жеткілікті. Соның ішінде Сұлтан Иляевта бар.
Сұлтан Иляев 1954 жылы суретші отбасында дүниеге келген. 1977 жылы Шымкент мемлекеттік педагогикалық университетінің көркемсурет-графика факультетін тәмамдап, Ә.Қастеев атындағы көркемсурет училищесінде сабақ берген. Қылқалам шебері 1981 жылы КСРО Суретшілер одағына қабылданды. 2010 жылдан бері Шымкент қаласы ҚР Суретшілер одағы басқармасының төрағасы болып жұмыс істейді. Ол әр уақытта өз өнерін шыңдап, көрермен қауымға жаңа туындыларын ұсынып отырады. Қазір оның жұмыстары Алматы, Мәскеу, Ташкент, Сочи қалаларындағы мұражайларда және әлемнің түрлі қалаларындағы жеке галереяларда сақтаулы. Ал, аталмыш көрме 3 қазанға дейін жалғасады.
Қазіргі таңда «Айғақ» телеарнасының түсірілім тобы көрмеге арнайы қатысып, түсірілім жасауда.