Ұлы Отан соғысында хабар-ошарсыз кеткен тағы бір оңтүстікқазақстандық жауынгердің дерегі табылды. Ол сұм соғысқа бұрынғы Ленгір ауданы Балдыберек ауылдық округінен шақыртылған. 25-ші тамыз күні Ресей Федерациясы Тверь облысы, Зубцов ауданы, Векшино елді-мекенінен табылған 3 сарбаздың бірінің сүйегі 1920 жылы туылған Перне Қалдаров есімді жауынгерге тиесілі болған. Белгілі болғандай, ол 1940 жылдың 20-шы тамызында соғысқа аттанып, хабар-ошарсыз кеткен. Іздестіру жұмыстары кезінде жерлесіміздің комсомол билеті табылған. Із — түзсіз кеткен боздағымыз туралы алғашқы дерек араға 70 жылдан астам уақыт салып жетіп отыр. Ресейдің «Память» іздестіру қоғамдық бірлестігінің төрағасы Александр Кузнецовтан телеарна басшысы Дулат Әбіштің атына келіп жеткен жеделхат негізінде іздеу жұмыстарын жүргізген түсірілім топ жат жерде қалған жауынгердің ауылы Көксәйек ауылдық округіне қарасты Қаратөбе ауылы екендігін анықтады. Бүгінде бұл ауылда марқұмның туған інісінің ұл-қыздары ғұмыр кешеді екен. Інісі Өсер Қалдаров 2007 ші жылы дүние салыпты. Жауынгер дүниеге келген қара шаңырақты ауыл тұрғындары апарып көрсетті.
Туған жерді жау қолынан азат етемін деп жер жастанған 3-бірдей жауынгер сүйегінің бір жерден табылуы олардың аты-жөнін анықтауға қиындық туғызуда. Сол себепті, шетелдегі іздестіру тобы жер астынан табылған боздақтарды 2018 жылдың тамыз айында Зубцов ауданындағы бауырластар зиратына қайта жерлемек. Ал, Төлебилік жауынгер Перне Қалдаровқа тиесілі комсомол билеті марқұмның туған-туыстарына табысталатын болады.
«Айғақ-ақпарат».