Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің бұйрығымен ОҚО мәдениет басқармасының басшысы қызметін атқарып жүрген Нурболат Ахметжанов конкурстық рәсімдер аяқталғанға дейінгі мерзімге Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны директорының міндетін атқарушы қызметіне кірісті.
Музей ұжымына жаңа басшыны Мәдениет және спорт министрлігінің Жауапты хатшысы Уәлиев Қуатжан Серікқазыұлы әкеліп таныстырды. Бұл туралы жоғарыда аталған мұражай Фейсбуктегі парақшасында хабарлады.
Осыдан тура бір жыл бұрын, яғни 2016 жылдың 6-қыркүйек күні ОҚО мәдениет басқармасына басшы болып тағайындалған Нұрболат Ахметжанов өңірдің мәдениет саласының қарыштап дамуына сүбелі үлес қосты. Оның ішінде, күні кеше Астана төрінде өткен ОҚО күндерінің жоғары деңгейде ұйымдастырылуында Нұрболат Ахметжановтың еселі еңбегі бар. Қарапайымдылығымен ел назарына іліккен іскер азаматты жаңа лауазымымен құттықтап, алдағы жұмысына тек сәттілік тілейміз!