Ата заң 22 жыл бұрын, яғни 1995 жылы 30 тамызда жалпыхалықтық референдуммен қабылданған. Оған 8 миллионнан астам адам қатысқан. Бұл құжатқа сәйкес, Қазақстан Президентпен басқарылатын мемлекет ретінде, ал 30 тамыз мемлекеттік мереке — Қазақстан Республикасының Конституция күні боп жарияланды.
Қазақстан Республикасының Конституциясы – мемлекетіміздің іргесін нығайтудағы қарышты қадамдардың қалыптасуы мен жаңа жүйенің орнығуына, саясат сахнасында Қазақстан Республикасының қанат жаюы жолындағы бірден-бір бастаушы заң, серпінді сенім, әділет жолын көрсетер мемлекетіміздің Ата заңы, айшықты құжаты.
Ел тірегі болған Ата Заң күнімен барша оңтүстікқазақстандықтарды ОҚО мәслихатының хатшысы Қайрат Балабиев арнайы құттықтап, өзінің ақжарма тілегін арнайды.
Еліміздің Ата Заңы — мызғымас мемлекетіміздің алтын қазығы, бірлігі мен ынтымағы жарасқан елдігіміздің бұлжымас бағдары, кемел келешегінің кепілі!
Конституциямыздың тұғырлы қағидаттары еліміз үшін қиын-қыстау кезеңдерде мемлекеттігімізді нығайтуға, экономика мен әлеуметтік саладағы ахуалды тұрақтандыруға мүмкіндік берді. Бұл ретте, әрбір қазақстандық азамат келешекке керуен тартқан мемлекетіміздің тұрақты дамуына зор үлес қосты және әлі де қоса береді деп білемін. Осынау мерекелі күні барша бастамаларымыз сәтті болып, отбасымыз аман болсын!