Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаевқа «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу барысы туралы баяндалды- деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Қазақстан Президенті жаһандық бәсекелестіктің артуы жағдайында экономиканы ауқымды түрде цифрландырудың өзектілігін атап өтті.
– Бүгінде бұл мәселе алдыңғы орынға шықты. Бүкіл әлем осы бағытқа қарай жылжуда. Біз де қалмауға тиіспіз. Бұл – аса күрделі міндет. Барлық ведомстволар, министрліктер және өңірлер үйлесімді жұмыс жүргізуі керек, – деді Елбасы.
Ақпарат және коммуникациялар министрі Мемлекет басшысына жаңа бағдарламада көзделген төрт басым бағыт жөнінде айтты.
– Біз қазір бағдарлама жобасын барлық мүдделі тараппен бірге талқыладық. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы арқылы негізгі 4 жұмыс бағыты қарастырылады. Олар: инфрақұрылымды дамыту, адам капиталын жақсарту, экономика салаларын цифрландыру және мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін жетілдіру, – деді Д.Абаев.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар нақты тапсырма берді.