Жаңа кеден кодексі Қазақстанның кеден саласындағы сыбайлас жемқорлықпен тиімді күресуге жағдай жасайды. Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев мемлекеттік бағдарламаларды орындаудағы кемшіліктер үшін жауаптыларға ескерту жасап, нақты тапсырмалар берді. Бүгiн Үкiмет отырысында қаралған негізгі мәселелер туралы baq.kz ақпарат агенттігінің шолуы.
Жаңа кедендік кодекс не береді?
Еуразиялық экономикалық одаққа мүшелік кеден саласындағы заңнамаға өзгерістерді талап етіп отыр. Жаңа кеден кодексінің жобасы сол талаптарды ескере отырып жасалды. Атап өтетін нәрсе, оны дайындауға бизнес өкілдері де қатысты. Бұл бүгінгі отырысқа «Атамекен» палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовтің келіп, қағазға қарамай кодексті бүге-шіге талдауынан да көрінді.
Қазақстан Қаржы министрi Бақыт Сұлтанов пен Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов жаңа құжаттың тиімді жақтарын атады. Соның ішінде:
- Тауарларды декларациялау және шығару процесі автоматтандырылатын болады.
- Қалыпты жағдайда жаңа жүйе кедендік декларациялар бойынша шешімді санаулы минуттарда қабылдай алады.
- Декларацияны қараудың ең жоғарғы мерзімі 1 жұмыс күнінен 4 сағатқа дейін қысқартылды.
- Нәтижеде бизнес шығындары елеулі төмендейді, тауарларды өткізу пункттер арқылы өткізуді жеделдетеді.
- Кедендік декларациялау электронды түрде жасалады. Қандай да бір растаушы құжатты ұсынудың керегі болмайды. Барлық қажетті мәлімет декларацияда көрсетіледі.
- Қағаз түріндегі декларациялау кей жағдайларда ғана, мысалы, техникалық ақаулықтар кезінде қолданылады.
- Жобада «бір терезе» механизмін пайдалану мүмкіндігі заң жүзінде қарастырылған.
Кеден органдары декларация толтырушыдан ақпараттық өзара әрекеттестік аясында мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесінен алынған құжатты сұрамайды.
«Яғни, егер өрескел ереже бұзушылық анықталмаса, кедендік органдардың ақпараттық жүйесі декларацияны лауазымды тұлғалардың қатысуынсыз шығарады», — деді Тимур Сүлейменов.
Бұл нормалар декларациялау процесін айтарлықтай жеңілдетіп, сыбайлас жемқорлықты азайтуға мүмкіндік береді.
«Жаңа Кодекс күшіне енген соң біз мемлекеттің және бизнестің өзара іс-қимылының жаңа деңгейіне шығамыз және сыртқы экономикалық қызмет одан да оңайландырылған және реттелген болады деп санаймыз», — деп түйiндедi Бақыт Сұлтанов.
Игерілмеген 60% қаражат
Бақытжан Сағынтаев мемлекеттiк бағдарламалардың жүзеге асыру барысын сынады. Атап айтсақ, 7 айдың қорытындысы бойынша «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыруға бөлiнген қаражаттың 40 пайызы ғана игерiлген. Яғни, қаражаттың басым бөлiгi жылдың екiншi жартысында игерiліп жатыр.
Сағынтаев Бурабайда өткен отырыста Президент Назарбаев айтқан сын-ескертпелерден нәтиже шығаруды талап етті. Соның ішінде Бiлiм және ғылым министрi және Ұлттық экономика министріне бiлiм беру нысандарының уақытында пайдалануға берiлуiне мониторинг жасап, ақпарат беріп отыруды тапсырды.
«Ерлан Кенжеғалиұлы, бiз қыркүйек айының басында мектептер бойынша бағдарламаның жүзеге асуы жайлы егжей-тегжейлi баяндама күтемiз. 1 қыркүйекке дейiн қосымша 48 мектептi пайдалануға беру жоспарланып отыр», — дедi Сағынтаев.
Елбасы көрсеткен тағы бір кемшілік, «Нұрлы жер» бағдарламасына банктер мен құрылыс компанияларының аз қатысуы болатын.
«Көптеген өңiр құрылыс компаниясының несиесiн субсидиялауға және ипотеканы қолдауға әлi кiрiспеген. Жекеменшiк құрылыс компанияларымен тиiмдi жұмыс жасалмаған. Екiншi деңгейлi банктермен дұрыс жұмыс iстемей жатырмыз» дедi Сағынтаев.
Ол Инвестициялар және даму министрлiгiне, «Бәйтерек» холдингiне және әкiмдерге 1 қазанға дейiн бағдарлама механизмiн өзгертудi қарастыратын жоба енгiзудi тапсырды.
Тоқтап қалған 15 кәсіпорын
Бақытжан Сағынтаев Индустрияландыру картасы аясында іске қосылып, кейіннен тоқтап қалған кәсіпорындарға жан бітіруді тапсырды. Бүгінде ондай 15 жоба бар.
«Жергілікті жерлерде барлық қолдау құралы бар, сондықтан, құрметті әкімдер, 1 желтоқсанға дейін тұралап қалған кәсіпорындардың барлығын іске қосу қажет. Желтоқсанның басында, Мемлекет басшысының қатысуымен өтетін дәстүрлі Индустрияландыру күнінде бұл мәселе тағы да көтеріледі», — деп ескертті Сағынтаев.
Көмекке зәру агрохолдингтер
Бүгін үкімет басшысы назар аударған мәселелердің бірі – еліміздегі iрi агрохолдингтерiн қаржылай сауықтыру.
«Мемлекет басшысы агроөнеркәсiптiк кешендi дамыту бойынша iрi агрохолдингтердi қаржылай сауықтыру мен өсiмдiк шаруашылығындағы сақтандыруға тағы бiр мәрте назар аударды. Осыған орай, Ауыл шаруашылығы министрлiгi, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы, «Атамекен» Ұлттық кәсiпкерлер палатасы мен облыс әкiмдерiне бiр ай мерзiмде iрi агрохолдингтердi қаржылай сауықтыруға егжей-тегжейлi талдау жасауды және ұсыныс әзiрлеудi тапсырамын», — дедi Сағынтаев.
Дереккөз: Baq.kz