2017 жылдың 11-18 тамызы аралығында Елбасымыздың «Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» бағдарламасының 33-ші қадамын жүзеге асыру мақсатында және «Ресоциализация: Сен қоғамға керексің! Ты нужен обществу!» жобасы аясында Оңтүстік Қазақстан облысы прокуратурасының бастамасы бойынша облыс прокурорының орынбасары Ә.Қожахметовтың төрағалығымен Сайрам ауданы мен Кентау, Түркістан қалаларында пробация қызметтерінің есебінде тұрған азаматтарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету мақсатында, жұмыспен қамту, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік және көші-қон жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органдардың қызметкерлерінің қатысуларымен кездесу өткізілді.
Кездесу барысында азаматтардан әлеуметтік, тұрмыстық, сонымен қатар кәсіпкерлік қызметін жүзеге асыруға жеңілдетілген несие алу, жұмысқа орналасу, жеке басын анықтау құжаттарын қалпына келтіру және өзге де мәселелерге байланысты сауалдар түсіп, қосымша зерделеуді қажет етпейтін сауалдарға қолма-қол құқықтық түсіндірмелер берілді.
Сондай-ақ, кездесу барысында пробация есебіндегі 3 азаматтың мал бордақылауға жеңілдетілген ауыл-шаруашылығы несиесін алуға көмек беру туралы мәселелері өз шешімін тауып, кәсіпкерлік және ауыл-шаруашылығы бөлімдерімен олардан жалпы сомасы 7 млн. теңге несие алуға өтінімдері қабылданды.
Бұдан бөлек, 6 азаматтың жұмысқа орналасу туралы мәселесі шешімін тауып, олар сұранысқа ие мамандықтар бойынша кәсіпкерлік бөлімі арқылы кәсіптік даярлау курсына жіберіліп, бітірісімен жұмысқа қабылданатындары кепілдендірілді.
Кездесу соңында азаматтар өз ризашылықтарын білдіріп, мағыналас іс-шараларды жүйелі түрде ұйымдастыру қажеттілігін атап өтті.
Бұл жұмыстар облыс прокуратурасы органдарымен жалғасын табатын болады.
Оңтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы