Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің іске қосылғанына екі айға жуықтады. Енді міндетті медициналық сақтандырудың арқасында қызмет құны күн сайын шарықтап жатқан жекеменшік емханалардың тәбетіне тоқсауыл қойылмақ. Осылайша халық бірлі-екілі анализ тапсырып, бірер ауыз кеңес алғанына 20-30 мыңдап ақша төлемейтін болады. Есесіне өзі үшін тиімді бағаға толыққанды емделіп шығуға мүмкіндігі болмақ. Осыған байланысты медицинаның қазанында қайнаған, денсаулық сақтау саласындағы белді мамандардың пікірін білу мақсатында «А.Н.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығы» АҚ басқарма төрағасы Болатбек Баймахановпен сұқбаттасқан едік.
Болатбек Бимендеұлы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру халықтың өз денсаулығына деген жауапкершілігін күшейтуге қаншалықты көмектеседі деп ойлайсыз?
- Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізудегі басты мақсат – осы жауапкершілікті арттыру. Себебі денсаулық үшін мемлекет немесе медицина саласы емес, алдымен әр адам өзі жауап беруі тиіс. Сонда ғана ұлт денсаулығы жақсарады. Қазір бізде қалай? Қазақстанда кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі деген бар. Оған жыл сайын мемлекет қыруар қаржы бөліп отырады. Соның арқасында біз жедел жәрдем, шұғыл медициналық көмек, емханаларда тегін қаралу, вакцина салдыру сынды тағы басқа толып жатқан көмек түрлерін тегін аламыз. Сонымен қатар, созылмалы науқастарға шалдыққандарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, жоғары технологиялы операциялар жасау мүмкіндіктері қарастырылған. Бірақ халық санының өсуі, қарттардың көбеюі сынды табиғи процестер денсаулық саласына бөлінетін қаржыны да көбейтуді талап етеді. Өкінішке орай, бұған мемлекеттің мүмкіндігі келе бермейді. Оны көбейту үшін ақшаны білім саласынан, әлеуметтік саладан жырып алуымыз керек. Сондықтан міндетті сақтандыруды медицинаны қаржыландырудың бір тетігі деп қарастыруға болады. Оның үстіне, тегін нәрсенің ешқашан құны болмайды. Тегін болған соң адамдар оған сапасыз деп қарайды. Мысалы үшін қазір елімізде үкімет қаулысымен бекітілген скринингтік бағдарламалар бар. Оған жыл сайын қаражат бөлініп отырады. Бірақ сол тегін мүмкіндікті елдің бәрі бірдей пайдаланып жатқан жоқ. Ал, ақша төлегеннен кейін адамдар өз денсаулығына жауапкершілікпен қарайтын болады. Жыл сайын дәрігерге қаралып тұруға, тіпті, ауырмауға тырысады. Сонымен қатар, сау адам науқастанғандарға, жұмыс істейтін азаматтар жұмыссыздарға көмектеседі. Жұмыс беруші қарамағында істейтін жұмыскерлерінің денсаулығы үшін жауап береді. Яғни, қоғамда ортақ жауапкершілік қалыптасады.
Дегенмен жүйеге қарсы азаматтардың арасында «мен көп ауырмаймын, дәрігерге көп қаралмаймын, сонда менің ақшам қайда кетеді» дейтіндер де бар.
- Бұл енді мен жоғарыда айтып кеткен ортақ жауапкершілікке келіп саятын мәселе. Адам өзінің қай уақытта ауырып, қандай жағдаймен ауруханаға түсуі мүмкін екенін тап басып болжай алмайды. Адам болған соң ауырады ғой. Өзі ауырмаса да үйдегі үлкен кісілердің басы ауырып, балтыры сыздамай тұрмайды. Ол өмірдің заңы. Біреуге күрделі ота жасату керек болуы мүмкін. Немесе атпалдай азаматтың өзі жұмыстан шығып, құдай бетін ары қылсын, еңбекке жарамсыз болып қалуы да ғажап емес. Өмір болған соң түрлі жағдайлар орын алуы мүмкін. Елімізде жүрек, бүйрек, бауыр алмастыруды қажет ететін қаншама пациент бар? Мысалы бір ғана бүйрек алмастыруды қажет ететін пациенттер саны 2,5 мыңнан асады. Ал, бұл операциялардың орташа құны шамамен 1 миллион теңгеден асып жығылады. Өкінішке орай, ондай ақша екінің бірінен табыла бермейді. Міне, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жинақталған қаражат осындайда керек.
Ал, еліміздегі емдеу мекемелері жаңа жүйеге көшуге дайын деп айтуға бола ма?
- Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бір күнде енгізіліп отырған реформа емес. Оған көп уақыттан бері дайындық жүргізіліп келеді. Мысалы, 1996-98 жылғыға қарағанда қазір дайындығымыз едәуір жақсы. Соның бірі –көптеген жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Медициналық қызметтерге ақы төлеу комитеті. Яғни, халыққа көрсетілетін қызмет ақысын төлеу жүйесі тиісінше қалыптасып, жолға қойылды деген сөз. Осыдан он жыл бұрын бірыңғай ұлттық медицина жүйесі енгізілді. Әр ауруды емдеу протоколдары бар, әр сырқатты емдеуге кететін шығын есептеліп қойылған, тарифтер қалыптасқан. Сапа жағынан да ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер жоқ емес. Денсаулық сақтау саласының мамандары білімін жетілдіріп отыруға мүмкіндік алғалы біраз болды. Тиісті құрал-жабдықтар сатып алынды, «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша жаңа емдеу мекемелері бой көтерді. Аудандық ауруханалар кем дегенде минималды стандарттармен жабдықталған. Қазір осы ақпараттық жүйелерді әрі қарай жетілдіру, ауқымын кеңейту бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр. Жылдың аяғына дейін осы жұмысты аяқтау туралы тапсырма бар. Меніңше, жүйе реформаға дайын деп айтуға болады. Әрине қиындықтар кез-келген жүйеде болады. Менің ойымша, қорға тиісінше ақша түспесе, азаматтар жарна төлеуден жалтарып жатса қаржы тапшылығына ұрынуымыз мүмкін. Сондықтан біз бәріміз осыған бір кісідей жұмылуымыз керек.
Қазір міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды бюджет қаражатын үнемдеуге арналған жоба деп жүргендер де бар. Сіз бұл пікірмен келісесіз бе?
- Бұл жаңсақ пікір. Мемлекет денсалық сақтау саласын қаржыландыруды алдағы уақытта да тоқтатпайды. Атап айтар болсақ, 10 миллионнан астам азаматты мемлекет сақтандырады. Қарап отырсақ, бұл халыққа жасалып отырған үлкен мүмкіндік. Жеңілдік беріліп отырған 14 санатқа жүкті әйелдер, жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар, зейнеткерлер, мүгедектер, бала күтімімен үйде отырған тұлғалар, студенттер, балалар т.б. кіреді. Олар үшін бюджеттен ай сайын бес мың теңгеден астам жарна аударылады. Қазіргі таңда мемлекет денсаулық сақтау саласына жыл сайын 1 триллион теңге бөлетіні белгілі. Осылайша алдағы уақытта да сол қаражаттың 90 пайызға жуығы бәрібір денсаулық саласына бөлініп отырмақ. Ендеше, үкімет жауапкершіліктен қашып отыр деуге мүлдем болмайды. Керісінше азаматтардың денсаулығы, сапалы қызмет алуы үшін аянбай көмектер легін тоқтатқан емес. Екіншіден, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру халықты сапалы, қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз ету мақсатында енгізіліп отыр. Осыны түсінуіміз керек. Қазір бәрі мемлекет тарапынан қаржыландырылады. Бюджет қаржысына салынған ғимараттардың 60 пайызы тозған. Құрал-жабдықтардың да жартысына жуығы ауыстыруды қажет етеді. Қазіргідей әлемдік медицина қарыштап дамыған заманда ғимараттарды жөндемесе, тозығы жеткен қондырғыларды жаңартпаса сапалы қызмет көрсету мүмкін емес. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілгені халық үшін жақсы болмаса, жаман болмауы тиіс.
Дереккөз: Baq.kz