Қарқаралы ауданының Егіндібұлақ ауылында қазақ елінің ғұлама биі Қазыбек бидің 350 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шаралар бастау алды. Бүгін онда «Бәйтерек» стеласы ашылды, деп хабарлады облыс әкімінің ресми сайты. Хабарда айтылғандай, өз өлкесіне монументалды нысанды Ғани Омаров есімді бизнесмен сыйлаған екен. Меценат Астана қаласында тұрып, жұмыс істейді, алайда Егіндібұлақта оның туып-өскен үйі бар.
Кәсіпкердің айтуынша 12 метрлік стеланы жасауға төрт айдай уақыт кеткен. Оны әзірлеп, орнатуға 20 млн. теңге жұмсалған.
Бұл мерейтойға орай жасалған жалғыз ғана сыйлық емес. Елді мекенде демеушілер есебінен спорт алаңы салынған.
Егіндібұлақта дүниеге келген танымал суретші Кәріпбек Құюқов тарихи-өлкетану мұражайына «Қаз дауысты Қазыбек би» суретін сыйға тартты. Өзінің туып өскен ауылының кітапханасына ол қазақ өлеңдері жинағынан құралған 3 диск және «Көшпенділер» кітабының 3 томын, ал жергілікті әкімдікке Қазақстан туын сыйлады.
— Мен бұл шарадан шеткері қала алмадым. Менің туған ауылымда осындай ауқымды той болып жатқанда, оған үлесімді қалайша қоспаймын? Мен мұражайға өзімнің суретімді сыйлаймын. Бұл менің қолымнан келетіні. Сонымен қатар өзімнің суреттерімнің бірін сатып, «Балқантау» қорына қайырымдылық ретінде үлесімді қостым, — деді Кәріпбек Құюқов.
Сыйлық жасаған әрбір абзал жанның әрекеті Елбасы бастаған «Туған жер» бағдарламасына енеді.
Сенбі, тамыздың 19-да Егіндібұлақта жоғары лауазымды қонақтардың қатысуымен салтанатты шаралар жалғасын табады. ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова келеді деп күтілуде. Мерекелік шаралар киіз үйлерден құралған үлкен қалашықта өтеді. Театрландырылған көріністер, концерт, ақындар арнауы және спорт ойындары ұйымдастырылады.
Бұл күні «Қаз дауысты Қазыбек би жолымен: «Бабаларға тағзым!» автокеруені бастау алады. 7 көлікпен 28 қатысушы Қарқаралы, Бұқар Жырауғ Жаңаарқа және Ұлытау аудандары, Жезқазған, Қызылорда, Түркістан, Ташкент, Науаи, Шымкент, Тараз, Балқаш қалалары, Ақтоғай және Шет аудандары арқылы өтеді. Жәнеде автокеруен 30-шы тамызда Қарағанды қаласында мәреге жетеді.
20-шы тамызда Қарағандыдағы Кеншілер мәдениет сарайында Моңғолия, Қырғызстан және Қытай елінің ақындарының қатысуымен Халықаралық айтыс өтеді.
Қазыбек бидің 350 жылдығын тойлау шаралары үш ай жалғасады. Алдағы уақытта бірнеше мәдени және ғылыми шаралар ұйымдастырылады деп жоспарланған.
Қаз дауысты Қазыбек би, Қазыбек Келдібекұлы – қазақ халқының XVII – XVIII ғасырлардағы ұлы үш биінің бірі, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері. Орта жүз арғын тайпасының қаракесек руына кіретін болатқожа атасынан шыққан ол 1667 жылы Сыр бойында дүниеге келген. Арғы аталары Шаншар абыз, Бұлбұл, өз әкесі Келдібек — есімдері елге белгілі әділ билер болған.
ҚазТАГ