Түркі әлемінің суретшілері облысымыздың тарихи мекендерін қағаз бетіне түсірмек. «Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жобасының аясында қылқалам шеберлерінің пленэрі биыл жиырмасыншы рет өтіп отыр. Мәдени шара тәуелсіз еліміздің салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрпын, ғасырлардан сыр шерткен қасиетті мәдени сәулеттік ескерткіштерді, тарихи орындар мен ұлттық өнерімізді насихаттау мақсатында өткізіліп отыр. Пленэрге Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Украина, Болгария, Молдавия, Башқұртстан сынды 9 шет мемлекеттен түркі тілдес елдердің еңбек сіңірген өнер қайраткерлері, талантты қылқалам шеберлері арнайы келіп отыр.
Суретшілер жобаны Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесін бейнелеуден бастамақ. 22-ші тамызға дейін жалғасын табатын плэнерде шығармашылық топтар Сауран, Отырар қалашығы мен Арыстан баб кесенесін, Хантағы, Қаратау қорығы аумағын, Бәйдібек ауданының Ақмешіт, Қостұра аймақтарында, Қазығұрт, Сайрам-Өгем тау шатқалдарында этюдтік жұмыстар жасамақ. Аталған тарихи орындарды бейнелеген қылқалам шеберлерінің озық туындылары көрмеге қойылып, авторлары TURKSOY халықаралық ұйымы атынан марапатталатын болады.
Ботагөз Мәдібек