Журналистік зерттеу жалғасуда
2017 жылы 15 шілдеде 60 мұғалімнен тұратын «Мұғалімдер» ЖШС-гі «Айғақ» телеарнасына арызданған болатын. Ұжымдық арызда ұстаздар 2008 жылдан қазіргі күнге дейін әртүрлі мемлекеттік органдарға бірнеше рет арызданса да, мұғалімдерге тиесілі жер учаскелерін заңдастырылмай, қала әкімдігінің қаулысы қабылданбай жатқандығы былай тұрсын, ең сорақысы мұғалімдерге тиесілі жер учаскелері бөгде адамдарға заңсыз бөлініп, «дереу» заңдастыру фактілері орын алғаны көрсетілген.
Аталған мәселеге сәйкес, «Айғақ» телеарнасы тарапынан журналистік зерттеу жүргізілді. Нәтижесінде ұжымдық арыздағы көрсетілген фактілер толығымен анықталды.
Шымкент қаласының әкімдігі «Мұғалімдер» ЖШС-нің 4 га жер учаскесін дер кезінде 60 мұғалімнің атына жеке-жеке қаулы шығарып, заңдастырып беруі қажет еді. 2008 жылы 9 шілдедегі мұғалімдердің бірінші арызы Шымкент қаласының әкімдігінде заңға сәйкес уақтысында қаралмай қалған. Содан бері табаны күректей 9 жыл өтсе де, белгісіз себептермен мұғалімдерге тиесілі жер учаскелері заңдастырылмаған.
Ашынған мұғалімдер Шымкент қалалық жер қатынастары бөліміне қайтадан арызданған. Жер қатынастары бөлімі заңға сәйкес мұғалімдерге тиесілі жер учаскелері қала әкімдігінің қаулысымен заңдастырып берудің орнына, заңды белден басқан. Сөйтіп, шырқырап жүрген мұғалімдердің жанайқайын құлаққа ілмей, Шымкент қаласы әкімдігінің 2012 жылы 16 наурыздағы №285 қаулысымен ЖШС-нің мүшесі болып табылмайтын бөгде адамдарға (азаматша М.Қамбарова мен Г.Джанхожаеваға ) мұғалімдердің жер учаскесін заңсыз бөліп берілген.
Мұғалімдер бұл туралы облыс пен қала дейгейіндегі лауазымды адамдарға 20 рет арызданған.
Атап айтқанда:
-
2008 жылы 14 мамырда Шымкент қаласы жер кадастр филиалының директоры А.Смайловқа;
-
2008 жылы 9 шілдеде Шымкент қаласының әкімі А.Жетпісбаевқа;
-
2009 жылы 28 маусымда Шымкент қаласы жер қатынастары бөлімінің басшысы С.Жансейітовке;
-
2014 жылы 20 қаңтарда «Нұр Отан» партиясы Оңтүстік Қазақстан облысы филиалының төрағасы А.Мырзахметовке;
-
2014 жылы 20 қаңтарда «Нұр Отан» партиясының Оңтүстік Қазақстан облысы филиалының партиялық бақылау комитетінің төрағасы Ж.Шәріпбекке;
-
2014 жылы 20 ақпанда Оңтүстік Қазақстан облысының бұрынғы әкімі А.Мырзахметовке;
-
2014 жылы 25 наурызда «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Ө.Мелдехановқа;
-
2014 жылы «Нұр Отан» партиясының Оңтүстік Қазақстан облысы филиалының төрағасы А.Мырзахметовке;
-
2014 жылы 8 қазанда «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Ө.Мелдехановқа;
-
2014 жылы 18 қыркүйекте Шымкент қаласы әкімі жанындағы легализациялық комиссия төрағасына;
-
2014 жылы 17 қазанда Шымкент қаласы әкімі жанындағы легализациялық комиссия төрағасына;
-
2014 жылы 25 желтоқсанда Шымкент қаласының әкімі Д.Сатыбалдыға;
-
2015 жылы 7 желтоқсанда Шымкент қаласының әкімі Ғ.Әбдірахымовқа;
-
2016 жылы 12 қаңтарда Шымкент қалалық жер қатыныстары бөлімінің басшысы Қ.Сайлауовқа;
-
2016 жылы 6 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысы Шымкент қаласының сәулет және құрылыс бөлімінің басшысы А.Мамырбаевқа;
-
2016 жылы 27 сәуірде Шымкент қаласының әкімі Ғ.Әбдірахымовқа;
-
2016 жылы 27 сәуірде Шымкент қалалық жер қатыныстары бөлімінің басшысы Қ.Сайлауовқа;
-
2016 жылы 18 мамырда Шымкент қаласының әкімі Ғ.Әбдірахымовқа;
-
2016 18 мамырда Шымкент қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Қ.Сайлауовқа;
-
2017 жылы 25 қаңтарда Шымкент қаласының әкімі Ғ.Әбдірахымовқа арызданғанымен жерлерін заңдастырып бермеген.
Осылайша, мұғалімдер бір мәселе бойынша, яғни жер учаскелерін заңдастыру үшін 20 рет арыз жазуға мәжбүр болған.
Нақтырақ айтқанда, мұғалімдер 2 рет облыс әкіміне, 2 рет «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалына, 6 рет Шымкент қаласы әкіміне, 2 рет «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалына, 4 рет Шымкент қалалық жер қатынастары бөліміне, 2 рет Шымкент қаласы әкімі жанындағы легализациялық комиссия төрағасына, 1 рет Шымкент қаласы жер кадастр филиалы мен Шымкент қаласының сәулет және құрылыс бөлімдеріне арызданған.
Сонымен, Журналистік зерттеу барысында Қазақстан Республикасының Жер кодексінің талаптарын сақтамау фактісі анықталды. Атап айтқанда:
-
2012 жылы 20 қаңтарда «Мұғалімдер» ЖШС-нің төрағасы А.Мамшетов қала әкіміне жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жер учаскелерін заңдастыруды сұрап арызданған. Ал, Шымкент қаласының әкімі, Шымкент қаласы жер комиссиясының төрағасы А.Жетпісбаев арызға сәйкес мұғалімдерге тиесілі жер учаскесіне қорытынды шығарудың орнына, ЖШС-нің мүшесі болып табылмайтын бөгде адам М.Қамбароваға 2012 жылы 26 қаңтарда №2/207 қорытынды шығарып осы қорытынды негізінде бөгде адам, азаматша М.Қамбароваға Шымкент қаласы әкімдігінің 2012 жылғы 16 наурыздағы № 285 қаулысымен тұрғын үй құрылысы үшін мұғалімдердің жер учаскелерін бөліп берген.
Осылайша, қала әкімі арызға сәйкес ЖШС-нің мүшелері 60 мұғалімге жер бөлмей, құқықтарына залал келтірген.
Осыған ұқсас заң бұзушылықтар ЖШС-нің мүшесі болып табылмайтын Г.Джанхожаеваға жерді бөліп беру кезінде де орын алған.
-
Шымкент қаласы әкімдігінің 2011 жылғы 18 мамырдағы №541-ші қаулысымен жер учаскесін жалға алу құқығын сатып алу-сату келісімін (Шымкент қаласы жер қатынастар бөлімімен «Мұғалімдер» ЖШС-нің арасында) бекіткен. Осы қаулының 20 тармағында ««Мұғалімдер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласы, Қызылжар шағын ауданы, н/с орналасқан ауылшаруашылық өнімдерін өндіру үшін жалпы алаңы 4,2124 бөлінетін жер учаскесінің нысаналы мақсаты жеке тұрғын үй құрылысы үшін өзгертіп 2 жылға уақытша өтеулі қысқа мерзімді жер пайдалану құқығы берілсін»- деп көрсетілген.
Осы қаулының шыққанына 6 жыл өтсе де мұғалімдердің жерлері әлі күнге дейін заңдастырылмаған;
-
Шымкент қаласының Жер комиссиясының 2016 жылғы 3 мамырдағы №10/36 қорытындысында ««Мұғалімдер» ЖШС 27.04.2016 жылғы №40 /28.04.2016ж. 14/ЗТ-5449/ санды өтінішіне Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласы, Қызылжар елді мекені орналасқан ауыл шаруашылық өнімдерін өндіруге уақытша пайдалануға берілген жер учаскелерінің нысаналық мақсаттарын жеке тұрғын үй құрылысы үшін өзгерту туралы Жер комиссиясы берілген мәліметтерді қарап келісімді деп есептейді»— деп айтылған. Қорытынды шыққанына 1 жыл 3 ай өтсе де, мұғалімдердің жер учаскесі заңдастырылмай отыр;
-
2008 жылы Шымкент қаласы әкіміне мұғалімдердің жер телімдеріне құқық беру туралы өтініштерін жолдаған екен. Яғни, арада қанша жыл өтсе де бұл мәселе шешімін таппаған.
Қазақстан Республикасының Жер Кодексінің 43-бабында «Жер учаскесіне құқық беру туралы өтінішті қараудың жалпы мерзімі, ол түскен кезден бастап екі айға дейінгі мерзімді құрайды» — деп көрсетілген.
Өтініш бергендеріне 9 жыл өтсе де қазіргі таңға дейін заңға сәйкес шешім қабылданбай отыр.
Осылайша, 60 мұғалімнің жер телімдеріне құқық беру туралы өтініштері заңға сәйкес 2 айдың ішінде қаралудың орнына, 9 жыл өтсе де шешімін таппай отыр. Өтінішті қараған лауазымды адамдар 60 мұғалімнің заңды құқықтарының бұзылуына жол берген;
-
Қазақстан Республикасы Жер Кодексінің 43-бабында «Жер учаскесiн беруден бас тарту туралы шешiм комиссиясының қорытындысы шығарылған күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде комиссияның теріс қорытындысы негiзiнде қабылданады»-деп көрсетілген.