Бірыңғай зейнетақы жинақтау қорының бірінші жартыжылдықтағы таза инвестициялық кірісі 205 миллиард теңгеден асқан.
Қордағы қазақстандықтардың жинақ қаржысының жалпы көлемі 7 триллион 100 миллиард теңгеден астам. Бірыңғай зейнетақы жинақтау қорының мамандары әкімшілік қызметтер мен басқа да шығындарын қысқаруына байланысты қордың 2017-2021 жылдардағы даму жоспарына енгізілген өзгерістермен бөлісті. Қазіргі уақытта қордың шығыны 28,5 пайызды көрсеткен. Яғни бір жылға жоспарланған 30 миллиард теңгелік шығынның 12 миллиарды жұмсалған. Сонымен қатар қор қызметкерлері тұтынушыларға ыңғайлы болу үшін қызмет көрсету саласын жаңғыртуды қолға алды. Атап айтқанда, шілде айынан бастап қазақстандықтар зейнетақы алу үшін электронды түрде өтініш беріп, зейнетақы келісімшартын жасай алады.
Нұрбибі Наурызбаева, БЗЖҚ басқарма төрайымы: – Қысқа уақыт ішінде 30-дан аса адам өтініш беріп, қызметті пайдаланды. Бұл тұтынушылар үшін өте ыңғайлы. Қорға келмей-ақ, кез келген жерден біздің қызметтерімізді қолдана алады. Сонымен қатар біз азаматтардың жанама жеке мәліметтерін электронды түрде өзгертуге мүмкіндік жасадық.
Дереккөз: 24.kz