Қызылжар мөлтек ауданының тұрғыны Раш Әбдірахманова 50 жыл ғұмырын балаларға арнап білім мен тәрбие берген жан. Ардагер ұстаз алаңсыз өмір сүрудің орнына табаны тозғанша ақ жағалылардың есігін тоздырумен келеді. Оның себебі 10 жыл бұрын алған жер учаскесі рәсімделмей отыр. Қала шенеуніктері жер учаскесіне қалалық жер комиссиясының қорытындысы шықса да әр түрлі себептермен қаулы қабылдауға асығар емес. Бүгінде ол кісінің жеріне қатысты барлық құжаттар заңға сәйкес дайындалған. Алайда, түйткілдің түйіні қала әкіміне байланысты болып тұр. Өйткені қала басшысы тиісті мемлекет органдарына нақты тапсырма берсе ғана қала әкімдігінің қаулысы қабылдануы керек. Осы мәселе бойынша «Айғақ» телеарнасы журналисттік зерттеу жүргізген сәтте Раш Әдірахманованың және 59 әріптесінің жер учаскесі бар екеніне көз жеткіздік.
Журналистік зерттеу барысында 80 жасты алқымдаған Әбдірахманова Раш ананың үніне құлақ түрдік.
Раш Әбдірахманова: «Сұмдық қой мынау! Әділетсіздіктің сорақысы! Жеті соттық жер үшін 10 жылдан бері 10 әкімнің алдына кірдік. «Ит итті, ит құйрығын жұмсайды» деп олар бір-біріне сілтейді. Ақыр соңы міне, осындай болды. Сонда 40-50 жыл жұмыс жасаған мұғалімдер жеті соттық жерге ие бола алмайды. Біздің еткен еңбегіміз қайда қалды? Өзімізге тиесілі 7 соттық жерге жете алмаған соң мұғалімдер қоғамдағы ең сорлы, мүсәпір халге жеттік.»