60 ұстаздан тұратын «Мұғалімдер» ЖШС-нің (ЖШС 2008 құрылған) 4 га суармалы жеріне 2011 жылы № 541 қаулы шығып, Шымкент қаласы әкімдігімен серіктестік арасында жалға алу құқығын сатып алу жөнінде арнайы келісім түзілген. Алайда, қала билігі заңды белшесінен басып, 2012- ші жылы наурыз айындағы №285 қаулымен «Мұғалімдер» ЖШС-нің мүшесі болып табылмайтын М.Т.Қамбарова деген өзге азаматқа жерді бөліп берген. Қала билігі бөтен азаматқа жерді рәсімдеп берсе, мұғалімдердің заңды жерлерін 5 жыл өтсе де не себептен заңдастырып бермей отыр? Ұстаздар жерлерін рәсімдеу үшін 2011 жылдан бері қала әкімдігінің есігін тоздырған.
Алайда, шенеуніктер ЖШС жерлерін «ауыл шаруашылығы мақсатында берілген» деп рәсімдемей отырған көрінеді. Журналистік зерттеу барысында ұстаздарға тиесілі жер телімдеріне бюджеттен қаржы бөліп, инфрақұрылым толықтай жеткізілген. Осыған қарамастан ұстаздардың жерлері рәсімделмей отыр. Дегенмен сол суармалы жерді әкімдік қаулысымен өзге азаматқа тұрғын үй салу үшін рәсімдеп берген. Осы мәселе ұстаздардың ашуын келтіріп отыр. Айта кетейік, қаншама уақыттардан кейін 2016 жылы 3-ші мамыр айында Шымкент қаласы жер комиссиясының қорытындысы түзілген. Оған комиссия мүшелері мен төраға қол қойып, ұстаздардың уәжіне келісім берген. Алайда, жер қорытындысы бір жыл екі ай өтседе орындалмаған. Қолданыстағы заңға сәйкес, 2016-шы жылы қала әкімдігінің ұстаздарға жер беру туралы әкімдіктің қаулысы қабылдануы керек еді. Бүгінде жиған- тергеніне баспана салып, ұл қызының несібесі үшін еңбек етіп келе жатқан ұстаздар барынан айырылып қаламыз ба деп қауіптеніп жүр.
«Мұғалімдер» ЖШС-нің мүшелері
Мұғалімдер жерінің ортасынан Маблюда Қамбароваға жекеменшік деп жазып берген. 40 жыл жұмыс істеген мұғалім осы ауылдың, әкімнің баласын, немересін оқытып жер ала алмайды. Ал, көршісі қаладан келіп, қалтасына ақша салып, осы жерден жер сатып алған. 40 жыл істеген біздің жеріміз ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер болады да бөтен адамдардың жері тұрғын үй салу үшін деп беріледі.
Файзахмет Асилов:
Әкімдерді оқытқан мұғалімдер еді. Өзінен-өзі әкім болған жоқ. Көшені сыпыратын, сайлауда жүгіретін, колхоздың жемісін жинайтын мұғалімдер. Ал, енді мұғалімдер ешкім емес. Ол істей береді тегінге. Мына жерді беріп еді. Оны да құжаттарын түгендей алмай отырмыз. Үш рет әкімдікке бардық. Ондағылар істеп береміз деп шығарып салды. Содан бері жоқ.
Құжатын жасай алмай қаншама зейнеткер кісілер қайтыс болып кетті. Оны кім біліп отыр? Бүгінде сол кісілердің балалары келіп тұр. Кім жауап береді оған? Осы жерде сырттан келгендер қалталарына ақша салып, жерді заңдастырып алады. Ал, мұғалім қайдан табады ондай ақшаны? Ақшасы жоқ мұғалімдердің.
Сұмдық қой мынау! Әділетсіздіктің сорақысы! Жеті соттық жер үшін 10 жылдан бері 10 әкімнің алдына кірдік. «Ит итті, ит құйрығын жұмсайды» деп олар бір-біріне сілтейді. Ақыр соңы міне, осындай болды. Сонда 40-50 жыл жұмыс жасаған мұғалімдер жеті соттық жерге ие бола алмайды. Мұғалімдер сорлы, мүсәпір халге жеттік.