Еліміз бойынша бизнес нысандарының саны өткен жылмен салыстырғанда 10%-ға артқан.
Сарапшылар мұны ЕХРО-мен байланыстырады. Көрме баламалы энергияны насихаттаумен қатар халықтың экономикалық белсенділігін арттырды. Әсіресе туризм индустриясы қарқын ала бастады.
Бұл – малайзиялық Шарул Мод Надзирдің Қазақстанды алғаш рет көруі. Астанаға ЕХРО көрмесіндегі баламалы энергияға қатысты іс-тәжірибилермен танысуға арнайы келді. Өзі бұған дейін әлемнің бірнеше мемлекетін аралаған. «Елге шетелдіктерді тартып, туризмнің әлеуетін көтеру үшін бірінші кезекте қонақүйлер мен мейрамханаларда қызмет сапасы жоғары болуы керек», – деп санайды.
Шарул Мод Надзир, турист /Малайзия/:
— Егер турист елге тағы келсін десеңіз, оған қолжетімді, сапалы қызмет жасалуы тиіс. Ол әуежайдан түскеннен аудармашының, қаланы таныстырушының жұмысынан басталады. Тамақтандыру орындары, қонақүйлердің қызметі деп осылай кете береді. Қазақстанда туризмнің даму беталысы жаман емес. Барынша жағдайымызды жасап жатыр. Екінші рет жолым түссе, осы қонақүйге тоқтаймын деген ойым бар. Бүгінгі таңда елордада 200-ге тарта қонақүй бар. Оның 20-дан астамы ЕХРО қарсаңында ашылды. Бұдан бөлек меймандар үшін 100-ге жуық хостелдің есігі ашық.
Марат Әлмағанбетов, «Астана-Конвеншн Бюросы» ЖШС арнайы жобалар департаментінің бас маманы:
— Туристердің көп келуі туризмнің дамуына оң әсерін беріп жатыр. Қала қонақүйлерінің толықтығы 60% болып тұр. 2016 жылмен салыстырғанда екі есе көп. Сонымен қатар туристік қызметтерге де сұраныс артып жатыр. Аудиогид, экскурсия қызметіне сұраныс екі есе артқан.
ЕХРО-ға келген қауым ішкі нарықтағы сауда айналымының өсуіне де оң ықпалын тигізді. Сауда орындарында, базарларда кісі қарасы қалың. Әсіресе қоғамдық тамақтандыру орындары жеміс-жидек, көкөніс, ет, сүт өнімдерін ірі көлемде сатып алып жатыр. Тауардың сөреде жатып қалмай, бұлай тез сатылуы тұтынушылар үшін де, саудагерлер үшін өте тиімді болып тұр. Бірі өндірушіден жаңа жеткізілген өнімді алғанына, енді бірі тауарының тез өткеніне риза.
Жұмагүл Торыбаева, сатушы:
— ЕХРО басталғалы саудамыз қызу жүріп жатыр. Тауарларымыз өтімді. Асханалар келіп әкетеді. Бағасы да, сауда айналымы да жақсы.
Биылғы жылдың 6 айында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 4,2%-ға артты. Әсіресе туризм саласы қарқын алды. Мәселен, өткен жылмен салыстырғанда қонақ үйлер мен тамақтандыру орындары қызметінің үлесі 30%-ға көбейді.
Дереккөз:24.kz