Өзбекстанның экс-президенті Ислам Кәрімовтың үлкен қызы – Гүлнара Кәрімова республиканың Қылмыстық кодексінің алты бабы бойынша қылмыс жасаған деп күдіктелуде, деп хабарлады Өзбекстан бас прокуратрасының сайты.
«Кәрімова Гүлнараға қатысты қылмыстық істі тексеру жалғасуда. Ол ұйымдасқан қылмыстық топқа көмектесуінің деректері бойынша бөлек өндіріске бөлінген. Г. Кәрімоваға Өзбекстан ҚК 168, 178, 182, 189, 228 және 243 баптары бойынша айып тағылып, оған қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданды», — делінген жұма күні Өзбекстан Бас прокуратурасының сайтында жарияланған хабарда.
Хабарда айтылғандай, ол алаяқтықпен радиожиілік ресурстары мен жер телімдерін сатқанда басқаның мүлкін иеленіп алған; ұялы байланыс операторларынан қызметке ақы алғанда негізсіз қосымша комиссия алған; оффшорлық компаниялардың шоттарындағы шетелдік валюталарды жасырған; декларацияда импортталған тауарлардың толық саны мен бағаларын төмен көрсету арқылы кедендік заңнаманы бұзған, кедендік бақылаудан сыртқа әкетілген шетелдік валюталарды жасырған, сауда және қызмет ережелерін бұза отырып, экспортталатын тауарлардың бағасын төмен көрсеткен; құжаттарды қолдан жасаған; тұрғын үй және тұрғын үй емес нысандарды, басқа да мүліктерді сатып алу жолымен қылмыстық әрекетпен тапқан кірісті заңдастырған, ұйымдасқан қылмыстық топқа бағыныңқы оффшорлық компаниялар арасында жалған келісімшарт бойынша ақша аударып отырған деп күдіктелуде.
«Г. Кәрімоваға тағылып отырған айып іс бойынша жиналған дәлелдер негізінде, оның ішінде ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерінің, куәлардың, зардап шеккендердің, ұйымдасқан қылмыстық топқа бағыныңқы 14 фирма мен 16 оффшорлық компанияның жұмысына жасалған тексеру материалдарының, алынған жазбаша және заттай дәлелдер, сараптамалардың қорытындылары негізінде тағылып отыр», — делінген бас прокуратураның хабарында.
Тергеу материалдары бойынша, Швейцария, Швеция, Ұлыбритания, Франция, Латвия, Ирландия, Мальта аралдарында, Германия, Испания, Ресей, Гонконг, Біріккен Араб Әмірлігінде ұйымдасқан ұқылмыстық топтың заңдастырған $1 млрд 394,1 млн, 63,5 млн еуро, 27,1 млн фунт және 18,5 млн франк активтері барлығы алдын ала анықталды.
Хабарда айтылғандай, шетелдік құзыретті органдарға Өзбекстан тергеу органдарының ҰҚТ активтеріне қамау салу туралы қаулысы жіберілді және басқа да активтерді анықтау және оларды Өзбекстанға қайтару бойынша жедел-тергеу шаралары жалғасуда.
Сондай-ақ бас прокуратура 2013 жылы қазанда «Terra Group» ЖШҚ, «Prime Media» ЖШҚ, «Gamma Promotion» ЖШҚ жұмысында салықтан жалтару деректері бойынша қылмыстық іс қозғады. Тексеру барысында Г. Кәрімова «тікелей ұйымдасқан қылмыстық топ жұмысына көмек көрсетіп отырғаны» анықталды.
Ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері 2001-2013 жылдары бірқатар қылмыстар жасаған, олардың ішінде: бопсалау арқылы азаматтар мен кәсіпкерлерден ақша, акция, үлестерін, мүліктік нысандарды алу; мемлекеттік акцияларды, әр түрлі кәсіпорындардағы үлестерді сатып алу кезінде мемлекеттік мүліктерді талан-таражға салу және жымқырып кету, мүліктік нысандарды жекешелендіруде және өнімді арзан бағамен сату түріндегі қылмыстар жасаған.
«Аталған эпизодтар бойынша Г. Кәрімоваға Өзбекстан Республикасының Қылмыстық кодексінің бірқатар баптары бойынша (165, 167, 179, 184, 227 және басқалары) айып тағылып отыр. Г. Кәрімованың аталған қылмыс жасағандығы туралы айыбы ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерінің, куәлардың, зардап шеккендердің көрсетулерімен, ұымдасқан қылмыстық топқа бағыныңқы 45 шаруашылық субъектілерінің және 16 оффшорлық компания жұмысын тексеру материалдарымен, алынған жазбаша және заттай дәлелдер, сараптамалардың қорытындылары негізінде, және осы іс бойынша жиналған басқа да дәлелдер негізінде расталып отыр», — делінген хабарда.
Қылмыстық істер жөніндегі Ташкент облыстық сотының 2015 жылғы 21 тамыздағы үкімімен Г. Кәрімова оған тағылып отырған қылмыстар бойынша айыпты деп танылып, оған 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы қабылданды, деді бас прокуратурадан.
Аталған екі қылмыстық іс бойынша мемлекет пен азаматтарға келтірген шығынның жалпы сомасы 1 трлн 270 млрд 200 млн сум, $1 млрд 651,8 млн және 26,1 млн еуро деп бағаланып отыр.
ҚазТАГ