Азаматтық істер бойынша шығарылған сот шешімдеріне шағымдану тәртібіне бірқатар өзгерістер енгізілді. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының 3-ші қызмет басшысының орынбасары А.Жданова осылай мәлім етті.
11 шілдеде Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оларды Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларына сәйкес келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойды.
Заңнамалық түзетулер 25 шілдеден бастап заңды күшіне енді. Азаматтық істер бойынша шығарылған сот шешімдеріне шағымдану тәртібіне бірқатар өзгерістер енгізілді.
«Азаматтық процестік кодекстің жаңа редакциясындағы 435-бабына сәйкес алдағы уақытта Бас Прокурор іске қатысушылардың өтініштері негізінде кассациялық наразылықты тек қана прокурордың қатысуымен қаралған азаматтық істер бойынша сот актілеріне келтіре алады.
Азаматтық процестік кодекстің 54-бабының 2-бөлігінің талабына сәйкес прокурор тек 3 жағдайда азаматтық іске қатысуға міндетті. Олар, егер сотпен қаралатын дау мемлекеттің, қоғамның және өз-өзін қорғай алмайтын азаматтың мүддесіне қатысты болса.
Яғни, Бас прокуратура басқа даулар бойынша заңды күшінен енген сот шешімдеріне кассациялық наразылықты келтіру туралы өтініштерді негізінен қарамайды», — дейді А.Жданова.
Азаматтар мен заңды тұлғалар заңды күшіне енген сот актілеріне дау айту өтінішін тек қана Жоғарғы Сотқа бере алады. Сондай-ақ ерекше жағдайда сот актілерін Жоғарғы Сот төрағасы енгізген ұсыныс негізінде де қаралуы мүмкін.
Дереккөз: inform.kz