Ақкөңіл, ақжарқын мінез иесі, барша қауымды бауырым деп білген Облыс әкімінің кеңесшісі Сейіт Ертай 23 шілде 2017 жылы «Шымкент-Самара» тасжолының 2145/107 шақырымында жол апатынан көз жұмды. Түркістан қаласына барып зиярат етіп келе жатқан көлікте облыстық мәслихаттың депутаты Қамытбек Айтөреев те болды. Өкінішке орай екі бірдей атпал азаматтың қазасы елді есеңгіретіп тастады.
Ертай Сейіт Мырзақұлұлы 20 шілде 1971 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданында туған. Еңбек жолын 1993жылы Жетісай ауданы әкімшілігі жастар ісі жөніндегі комитетінің бас маманы болып бастаған. 1994-2005 жылдар аралығында Жетісай ауданы әкімшілігі жастар ісі, спорт және туризм жөніндегі басқармасының бастығы, Халықаралық қазақ-түрік университеті жанындағы колледжінің проректоры, ректор көмекшісі, Мақтараал ауданы әкімі аппаратының ішкі саясат және әлеуметтік сала бөлімінің бас маманы, ақпарат, мәдениет және қоғамдық келісім комитетінің төрағасы, сондай-ақ, осы ауданда Қазыбек би ауылдық округының әкімі, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бас инспекторы міндетін атқарушы, бас инспекторы қызметтерін атқарған.
2005 жылдан Арыс қаласы әкімінің орынбасары, 2009жылдан Түркістан қаласы әкімінің орынбасары, облыс әкімі аппараты қоғамдық қатынастар мониторингі бөлімінің меңгерушісі, 2012 жылдан Арыс қаласының әкімі, 2016 жылдан батап Облыс әкімінің кеңесшісі қызметтерін абыроймен атқарды.
Арыс қаласын басқарып тұрған тұста, ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін ұлғайтып елдімекендердің дамуына өз септігін тигізді. Ел ықыласына бөленді.
«Айғақ» республикалық газетінің және телеарнасының ұжымы Сейіт Мырзақұлұлы Ертайдың мезгілсіз қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасы мен туған-туыстарына қайғырып көңіл айтады.
Марқұммен қоштасу рәсімі 25 шілде, 2017 жылы Шымкент қаласы, Нұртас мөлтек ауданы, Жас талап көшесі 129 үйде, яғни өз шаңырағында сағат 11:00-де өтеді.