Ел арысынан айрылды.Күтпеген жерден сұм ажал облыстық мәслихаттың депутаты,еңбекқор жан, үш перзенттің асқар таудай әкесі Қамытбек Нұржанұлы Айтөреевті ортамыздан алып кетті.
Көпшілікке Хамит есімімен таныс ел ағасын мақтайтын, мақтан тұтатын. Жастайынан еңбекке араласқан ол 2012-2016 жылдары Шардара ауданын басқарды. Шартарапты мәселелерді шешуде іскерлігімен танылып, халқына жақын әкім болды. Әлі күнге дейін Айтөреев жасаған ілкімді іс деп шардаралықтар айтып жүретін. Осындай жылы жүрегімен ел алғысына бөленген жан халықтың ыстық ілтипатына ілігіп 2016 жылы халық қалаулысы, кейіннен облыстық мәслихат хатшысы атанған болатын.
Хамит Нұржанұлы 1962 жылы 8 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысы, Жетісай ауданы, 1 Май ауылында дүниеге келген. 1985 жылы Еңбек Қызыл Ту орденді Қазақ ауыл шаруашылығы институтын ғалым, агроном мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1978 жылы Киров ауданы, ХХ партсъезд атындағы мақта совхозының №1 бөлімшесінде жұмысшы болып бастаған.
1979-1985 жылдары – Еңбек Қызыл Ту орденді Қазақ ауылшаруашылығы институтының студенті. Аталған институттың ғалым агроном мамандығының толық курсын аяқтап, Оңтүстік Қазақстан облысы, Киров ауданы, ХХ партсъезд атындағы мақта кеңшарының №1 бөлімшесінде аға агроном, №5 бөлімше бригадирі болып тағайындалды.
1992-2003 жылдары – Киров ауданындағы «Нұр» шағын кәсіпорны директорының орынбасары, «Бекболат»шаруақожалығының төрағасы, Мақтаарал ауданы «Асық-ата газ» ЖШС-нің атқарушы директоры, директоры.
2003-2006 жылдары «Шардара су қоймасын пайдалану» ММ басшысы қызметтерін абыроймен атқарған.
2012 жылдың тамыз айынан бастап Шардара ауданының әкімі. 2016 жылдан бастап Облыстық мәслихаттың депутаты.
Марқұмның мезгілсіз қазасына орай Қамытбек Нұржанұлы Айтөреевтің отбасына, туған-туысының қайғысына ортақтасып «Айғақ» ұжымы көңіл айтады.
Ақтық сапарға шығарып салу рәсімі 24 шілде 2017 жылы сағат 16:00-де Жетісай қаласының орталық алаңында өтетіндігін хабарлаймыз.