Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының «Құрметті азаматы» Шалатай Мырзахметов туылған.
Шалатай Мырзахметұлы 1946 жылы 20 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Шәуілдір ауылында дүниеге келген. Темір бекетіндегі «Темір» орта мектебін бітіріп, Қазақ химия-технологиялық институтына қабылданды. 1968 жылы аталмыш оқу орнын инженер-құрылысшы мамандығымен бітіріп шықты. Кейінірек 1992 жылы Қазақстан менеджмент, экономикалық болжам институтын (КМЭБИ) саясаттанушы мамандығымен тамамдады.
Еңбек жолын 1962 жылы Қызылкұм ауданы Арыс кеңшарының тракторшысы болып қызмет істеуден бастады. 1968 жылы жоғары оқу орнын тамамдаған соң мамандығы бойынша жолдамамен Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Абай атындағы совхозының құрылысшы шебері, құрылыс цехінің басшысы болып қызмет атқарды. 1971 жылы Шымкент облысы Қызылкұм аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бас құрылыс инженері болып ауыстырылды. 1976 жылы Қызылкұм ауданы, Шәуілдір ауылы ПМК-2507 құрылыс мекемесінің бастығы болып тағайындалды. 1981 жылы Қызылқұм аудандық халық депутаттар Кеңесі атқару комитетінің төрағасының орынбасары қызметіне сайланды. 1988 жылы Созақ аудандық халық депутаттар Кеңесі атқару комитетінің төрағасы болып сайланды. 1992 – 2000 жылдар аралығында Шымкент қаласы, Оңтүстік Қазақстан облысы «Жібек жолы» әмбебаб тауар биржасының президенті болып қызмет етті. 2000 жылдан бастап Онтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданының әкімі болып жемісті қызмет атқарды. 2003 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты болып сайланды және осы кезден бастап Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихаттың хатшысы болды. 2007 жылы «Нұр Отан» партиясынан партиялық тізіммен IV-шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланды. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің V-шақырылымдағы депутаты, оның заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі болып қызмет атқаруда.
«Нұр Отан» фракциясының мүшесі, Қазақстан халқы Ассамблеясынан депутаттық тобының мүшесі
«Құрмет» орденімен марапатталған.
«Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 20 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл», «Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі үлесі үшін», «Белсенді қызметі үшін», «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл», Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық «Бірлік» алтын медалі, «Тыңға 50 жыл», «10 жыл Астана», «Оңтүстік Қазақстан облысқа сіңірген еңбегі үшін», «За трудовое отличие» («Еңбектегі үздіктігі үшін»), «Ерен еңбегі үшін», «Астана» медальдарының иегері.