Қазақстанда халықты тегін қамтамасыз етуге арналған дәрілік заттардың тізбесі 59 жаңа дәрілік атаумен толықтырылды, деп хабарлады ҚР денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінен. Хабарда атап көрсетілгендей, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде амбулаториялық деңгейде тегін немесе жеңілдікпен қамтамасыз етуге арналған дәрілік заттармен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен, оның ішінде белгілі бір аурулары (жай-күйлері) бар азаматтардың жекелеген санаттарына арналған дәрілік заттардың және мамандандырылған емдік өнімдердің тізбесін бекіту туралы» бұйрықты бекітті. Аталған бұйрық 2018 жылдың 1 қаңтарында күшіне енеді.
Жаңа бұйрықта амбулаториялық деңгейде тегін қамтамасыз етуге арналған дәрілік заттардың тізбесі бекітілді.
Тізбеде 48 ауру, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар аурулар: артериалдық гипертензия, асқазанның ойық жарасы, тыныс демікпесі, қатерлі ісік аурулары, туберкулез, гематологиялық аурулар, гемобластоздар, аплазиялық анемия, балалардың церебралдық сал ауруы, псиxикалық аурулар, АИТВ инфекциясы және т.б. Сондай-ақ, тізбе ауыр ауру ағымымен сипатталатын Бехтерев ауруымен толықтырылды.
Дәрілердің жаңа тізбесі тиімділігі дәлелденген 59 жаңа дәрімен толықтырылған 256 дәрілік заттардан, оның ішінде 385 дәрілік түрлерінен тұрады. Алдағы уақытта 2 млн-нан астам диспансерлік ауруды қамту көзделуде.
Енгізілген өзгерістер мүгедектік деңгейін, әлеуметтік маңызы бар аурулардан өлім-жітімнің көрсеткіштерін төмендетуге бағытталған.
Анықтама: Қазіргі таңда амбулаториялық деңгейде тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуі қарастырылған аурулар үшін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2011 жылдың 4 қарашадағы «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің шеңберінде амбулаториялық деңгейде тегін немесе жеңілдікпен қамтамасыз етуге арналған дәрілік заттармен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен, оның ішінде белгілі бір аурулары (жай-күйлері) бар азаматтардың жекелеген санаттарына арналған дәрілік заттардың және мамандандырылған емдік өнімдердің тізбесін бекіту» №786 бұйрығы қолданыста. Аурулар қаржыландыру көзін есепке алумен екі топқа бөлінеді (жергілікті бюджет-35, республикалық бюджет -12 ауру).
Дәрі препараттарының толық тізімімен мына жерден танысуларыңызға болады.
ҚазТАГ