Ағымдағы жылдың қаңтар-маусымында Қазақстан жалпы ішкі өнімі 4,2 процентке өсті. Бұл туралы бүгін ҚР Үкіметі отырысында еліміздің 2017 жылғы қаңтар-маусымдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы баяндаған Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Есепті кезеңде Қазақстан экономикасы биржалық тауарлар бағасы конъюнктурасының тұрақты болуы, Қазақстанның негізгі сауда әріптестері елдерінде экономикалық белсенділіктің артуы, сондай-ақ әлемдік экономиканың өсуіне қатысты оң күтулер жағдайында дамыды. Мұнай бағасы ағымдағы жылғы маусым айында барреліне 46,9 долларға дейін құлдырауына қарамастан, өзінің тұрақтылығын сақтады. Ағымдағы жылғы 6 айдың қорытындысы бойынша, ол барреліне 52,2 доллар деңгейінде қалыптасты, бұл 2016 жылғы ұқсас деңгеймен салыстырғанда үштен бір есе жоғары. Барлық негізгі металдарға бағаның өсуі байқалады», — деді ол.
Жалпы алғанда министр сыртқы факторлардың Қазақстан экономикасына жағымды әсерін және экономикамыздың ішкі даму параметрлерінің бірте-бірте тұрақтануын атап өтті.
«Алдын ала деректер бойынша, ағымдағы жылғы қаңтар-маусымда Қазақстанның ЖІӨ 4,2 процентке өсті. Тауар өндірісі экономикасына қосылған оң үлес 2,6 пайыздық тармақты, қызмет көрсету — 1,3 пайыздық тармақты, өнімдер салығы — 0,3 пайыздық тармақты құрады», — деді Тимур Сүлейменов.
Дереккөз: inform.kz