Үкіметтің бүгінгі отырысында сөз сұраған ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев дін саласында «Уақып» корпоративті қайырымдылық қорының құрылғанын жариялады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бұл қордың басты мақсаты — қайырымдылық қаражатын жинақтау, әлеуметтік жағынан аз қамтылған және осал топтарға көмек беру, қайырымдылықтан түскен қаржыны және тапқан табысты зайырлы мақсаттарға бағыттау. Бұдан бөлек, тағы бір маңызды бағыт ол — имамдарды қамтамасыз ету. Бәріміз жақсы білеміз, қазіргі кезде имамдардың жалақылары қайырымдылықтан түсетін қаржыға тікелей байланысты. Үлкен қалаларда имамдардың жағдайы бірқалыпты болса, аудан орталықтары мен шалғай елдімекендерде олардың жағдайы тұрақсыз», — деп атап көрсетті Ермекбаев.
Министрдің айтуынша, имамдардың қазіргі қаржылық жағдайы олардың имиджіне кері әсерін тигізіп отыр. Оған қоса, дәл осы олқылықты деструктивті ағымдар өз мақсаттарына пайдаланып жатады. «Жалпы, білікті мамандарды проблемалы аймақтарға тарту, шалғай елді мекендерге жіберу өте қиын болып кетті. Республика бойынша 150-ден астам мешітте имам мүлдем жоқ. Басқаларында имамдар жиі ауысады. Бүгінде біз имамдардың жалақысын тікелей бюджеттен төлей алмаймыз. Сондықтан жаңа қор арқылы аталған өзекті мәселелерді шешуге болады деп үміттеніміз», — дейді Ермекбаев.
«Уақып» корпоративті қайырымдылық қорының құрылтайшылары — Діндер мен мәдениеттердің xалықаралық орталығы, Дін істері бойынша ғылыми-зерттеу орталығы, Дінтанушылар сьезі мен «Зекет» қайырымдылық қоры. Бүгінде қамқоршылар кеңесі мен қордың басшысы сайланды. «Мен дін саласына жаны ашитын азаматтарды және кәсіпкерлерді жаңа қорды қолдауға шақырамын», — деді Ермекбаев.
Дереккөз: inform.kz