Астанада Қазақстан мен Германия сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық жұмыс тобының кезекті отырысы өтті, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Ерлан Қайыровтың айтуынша, соңғы он екі жылдың ішінде Германия еліміздің экономикасына 4 млрд доллардан астам қаржы құйды. «Ол ақшаның 90 пайызы шикізаттық емес секторға бағытталды. Бүгінгі отырыста біз нақты жобаларды қарастырдық. Бізде 60-тан астам ортақ жобалар бар. Соның жалпы сомасы 5 млрд доллардан асады. Ал біздің, яғни үкіметаралық жұмыс тобының басты мақсаты — сол жобалардың сәтті іске асуына жағдай жасау», — дейді Қайыров.
Вице-министрдің сөзіне қарағанда, Қазақстан мен Германияның ортақ жобалары машина жасау, ауыл шаруашылығы, xимия, мұнай xимиясы және тағы басқа салаларды қамтиды «Машина жасау саласы жайында айтар болсақ, бүгінде ауыр машина жасау саласында ортақ жобаларды іске асыруға қызығушылық бар. Бұдан бөлек, теміржол қатынасында да бірлескен шаралар жүргізу көзделген. Германияда жаңа теxнологиялар көптеп шығарылады. Оны бәріміз жақсы білеміз. Дәл сол теxнологиялардың Қазақстанға келгені керек. Сосын осы жерде өндірілген тауарлардың экспортқа шыққаны маңызды», — деп атап көрсетті Қайыров.
Айта кетейік, күні кеше Қазақстанға Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайер ресми сапармен келген болатын. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мәртебелі мейманды Ақордада қабылдады. Штайнмайердің сапары аясында екі елдің іскерлік кеңесінің отырысы да ұйымдастырылды. Сол жерде жалпы сомасы 1 млрд теңгеге бағаланған 21 келісімге қол қойылды.
Дереккөз: inform.kz