Мемлекет басшысы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 25 жылдығына арналған салтанатты шара басталар алдында ТМД елдері ұлттық қауіпсіздік органдарының жетекшілерімен кездесті – деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Әңгіме барысында Қазақстан Президенті өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін арнаулы құрылымдардың халықаралық деңгейде ынтымақтасуы мен өзара іс-қимыл жасауының маңыздылығын атап өтті.
– Алдымызда ортақ міндеттер тұр. Өзара ынтымақтастықта болуымыз қажет. Қазір күрделі кезеңде өмір сүргендіктен, проблеманы жеке-дара шешу де қиын. Елдеріңіздің президенттерімен жақсы қарым-қатынастамын, сондықтан біз барлық мәселені бірлесе шешіп келеміз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Соңында Мемлекет басшысы ТМД елдері арнаулы органдарының жетекшілеріне салтанатты шараға қатысқаны үшін алғыс айтып, сол елдердің басшыларына өзінің жылы лебізін жеткізуді сұрады.