Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайерді қабылдады. Штайнмайер мырза қазіргі қызметіне сайланғаннан кейін Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келіп отыр. Бұған дейін ол осы елдің сыртқы істер министрі қызметін атқарған, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Сіздің осы қызметке сайлануыңыздан кейін Қазақстанға алғашқы сапарды жасап, ЭКСПО-2017 көрмесін өз көзіңізбен көруге шешім қабылдағаныңыз үшін алғыс айтамыз. Біз Сізді бұрыннан бері жақсы білеміз. Сондықтан президент қызметіне сайланғаныңызға қуаныштымыз. Германия — ірі мемлекет әрі үлкен экономикалық күштің иесі. Дәл осы елмен тығыз байланыстарды жүргізіп жатқанымызға ризамыз. Біз ол қарым-қатынасты жан-жақты дамытуға мүдделіміз», — деді Нұрсұлтан Назарбаев шағын құрамдағы кездесу кезінде.
Президенттің айтуынша, бүгін Қазақстан-Германия іскерлік кеңесі аясында 20 келісім рәсімделеді. Сондай-ақ, екі елдің басшылары ЭКСПО көрмесіне барып, Германияның павильонын аралап шықпақшы.
Өз кезегінде Франк-Вальтер Штайнмайер қонақжайлық үшін алғыс білдіріп, Қазақстанға президент болып келгеніне қуанышты екенін жеткізді. «Мен бұған дейін де Қазақстанда болғанмын. Алайда президент ретінде алғаш рет келіп отырмын. Бұл жаққа келуге себептер көп. Қазақстанды мен жақсы білемін. Алайда биылғы жылдың жөні бөлек. Себебі Германия мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастарға 25 жыл толып отыр. Осы уақыттың ішінде қыруар жұмыстар атқарылды. Бүгінде Германияның біраз компаниялары ЭКСПО көрмесіне қатысып жатыр. Осының өзі екіжақты байланыстың көрінісі болса керек», — деді Штайнмайер.
Айта кетейік, ағымдағы жылы ақпан айында өткен сайлауда Германияның бұрынғы сыртқы істер министрі Франк-Вальтер Штайнмайер сайлаушылар дауысының жартысынан көбін жинап, осы елдің 12-ші президенті атанған болатын.
Дереккөз: inform.kz
Фото: kazpravda.kz