Үкіметте Мемлекет басшысының денсаулық сақтау жүйесін ақпараттандыру жөніндегі тапсырмасын орындау барысы қаралды– деп хабарлайды премьер-министрдің баспасөз қызметі.
ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың мәліметі бойынша, қазіргі таңда онлайн-режимде статистикалық ақпаратты жинау мен денсаулық сақтау саласын қаржыландырумен қамтамасыз етуге арналған 22 ақпараттық жүйе жұмыс істейді. Ақпараттық жүйелерді біріктіріп, деректердің біртұтас сақтау орны мен кіретін бірыңғай орынды құру үшін биылғы жылдың соңында пилоттық режимде интероперабелдік платформасы іске қосылатын болады.
2018 жылдан бастап емделушінің «Жеке кабинеті» қолжетімді болады, ол арқылы денсаулық сақтау қызметтері туралы ақпарат алуға болады. Биылғы жылдың соңына дейін барлық медицина ұйымдары ақпараттық жүйелермен қамтамасыз етіледі, яғни бұл 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыстың қағазсыз форматына ауысуға мүмкіндік береді. 2020 жылға қарай халықты денсаулықтың электонды төлқұжатымен қамтамасыз ету жоспарланған. Сондай-ақ, министрлік Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының ақпараттық жүйесін құру бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр.
ҚР ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев «Ауылдық жерлерде талшықты-оптикалық байланыс желілерін орнату» жобасының І кезеңі аясында 900-ден астам денсаулық сақтау нысандарын интернетпен қамтамасыз ету жоспарланғанын атап өтті.
«Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясының фронт-кеңселерінде және пошталық байланыс бөлімшелерінде Жұмыспен қамту орталықтарының өкілдері азаматтарға міндетті медициналық сақтандыру мәселелері бойынша кеңес береді. «Электронды үкімет» порталында, сонымен қатар қоғамдық қолжетімділік пунктері арқылы онлайн режимде әлеуметтік статусты анықтауға болады.
Өңірлерде жүргізіліп жатқан денсаулық сақтау мекемелерін ақпараттандыру жұмыстары туралы Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстарының әкімдері Ж. Түймебаев, К. Көкірекбаев, Д. Ахметов баяндады.
ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев мәселелерді қарау қорытындысы бойынша өңірлердің әкімдеріне қажетті компьютерлік техникаларды сатып алып, медицина ұйымдарына ақпараттық жүйелерді енгізуді тапсырды. Сонымен қатар техниканың сервистік қызмет көрсетуі мен оның интернетке қосылуын ретке келтіру қажет.
ҚР ақпарат және коммуникациялар, денсаулық сақтау министрліктеріне тиісті орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп ақпараттық жүйелердің бірлесу жұмыстарын биылғы жылдың 1 қарашасына дейін аяқтап, оның тоқтаусыз жұмыс істеуін қамтамасыз ету тапсырылды.