Оңтүстік Қазақстан облысында 100 гектар астық түгелдей өртеніп кетті. Бәйдібек ауданына қарасты Екпінді ауылының маңында жайылым жерден өрт шығып, жалын егістік алқабына шарпыған. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департментінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
Қызыл жалын пісіп тұрған бидайды түгелдей күлге айналдырды. Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің сөзінше аптап ыстықта тілсіз жаудың тез таралуына желдің әсері болған.
«Жалын күндізгі сағат 11.58-дер шамасында Бөген ауылдық округіне қарасты елді мекенде болған. Құрғақ шөп өртеніп, бидайға өтіп кеткен. Өртті сөндіруге жеке құрамнан 22 қызметкер мен 4 техника, жергілікті әкімдіктен 4 техника мен 30 адам жұмылдырылды. Тілсіз жау кешкі 17.49-дар шамасында ауыздықталды. Жалын шарпыған аумақ 100 гектар егістік алқап, 74 гектар жайылымды құрады»,- дейді облыстық ТЖД баспасөз қызметінің бас маманы Зарипа Тұрысбекова.
Абырой болғанда, жапа шеккендер жоқ. Қазір тілсіз жаудың шығу себептері мен келтірген шығын көлемі анықталып жатыр.
Дереккөз: inform.kz