Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев қытайлық CNPC компаниясының бас директоры Биан Дыжымен кездесті. Кездесу барысында екі тарап Қазақстан мен Қытай арасындағы мұнай-газ секторын дамыту мен Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңа кезеңге шығару жайын сөз етті. Өңір басшысы зауытты жаңғырту және қайта жөндеу жұмыстарының бірінші кезеңінің нәтижелі аяқталуымен құттықтап, алдағы уақытта қытайлық компанияны әлеуметтік жобаларға атсалысуға шақырды.
«Елбасымыз еліміздегі мұнай өңдеу зауыттарын әлемдік стандарттарға сай жаңғырту және қайта жөндеу жұмыстарын жүргізуге тапсырма берген болатын. Міне бүгін сол тапсырма орындалып, Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту және қайта жөндеу жұмыстарының бірінші кезеңі аяқталып отыр. Бұл үлкен жетістік. Енді зауыт К4 және К5 экологиялық кластағы жоғары октанды бензин мен дизель отынын шығаруға көшті. Алдағы уақытта қытайлық инвестор Оңтүстік Қазақстан облысындағы әлеуметтік жобаларға қолдау білдіріп, жергілікті билікпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді деген сенімдемін», — деді Жансейіт Түймебаев.
Биылдың өзінде зауыт жоғары октанды бензиндерді өндіру көлемін жылына 460 мың тоннаға, дизел отынын 226 мың тоннаға, авиа отынды 27 мың тоннаға арттырмақ. CNPC компаниясының басшысы жаңғырту жобасының екінші кезеңі анағұрлым күрделі әрі мұнай өнімдерінің көлемін 6 млн тоннаға дейін ұлғайтуға болатынына тоқталды.
«Бүгінде Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық, бизнес әріптестік қарым қатынас жоғары деңгейге көтеріліп отыр. Осының негізінде қытайлық компаниялар Қазақстанға жылына 40 млрд доллар көлемінде салық төлейді. Бұл үлкен жетістік. Алдағы уақытта Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігімен тығыз қарым-қатынас орнатып, бірқатар әлеуметтік жобалардың жүзеге асуына атсалысамыз деген ойдамыз», — деді Биан Дыжы мырза.
Кездесу соңында тараптар бір-біріне сый-сипат жасады. Облыс әкімі шетелдік компания басшысын өзінің жеке қабылдауына арнайы шақырды.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі