Владимир Радионов. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына алғашқы аударымдар ағымдағы жылдың 25 тамызына дейін түседі, деп хабарлады ӘМСҚ басқармасының төрағасы Елена Бахмутова.
«Өздеріңізге мәлім, 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заң күшіне енеді. Заң талаптары бойынша ең алдымен сақтандыру жарнасын жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлер төлейді.
Төлем мерзімі – есепті кезеңнен кейінгі ай. Яғни біз шілде туралы айтсақ, 25 тамызға дейін және жұмыс берушілер, жеке кәспікерлер жарналарын төлеуі керек», — деді Е.Бахмутова сенбіде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында алғашқы аударымдардың қабылдануына арналған жиналыста.
Сондай-ақ, ол медициналық сақтандыру туралы заңға енгізілген соңғы өзгерістерде аударымдар жарнасының төмендегенін атап өтті.
«Сонымен, 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап жұмыс беруші ай сайын жұмыскер жалақысының 1 пайызы көлемінде жарна төлейді, ол 2020 жылға қарай 3 пайызға дейін өседі. Жеке кәсіпкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалар 2017 жылы 2 төменгі айлық жалақының 5 пайызы мөлшерінде немесе 2445,9 меңге көлемінде жарна төлемек. Сонымен қатар, жеке кәсіпкерлер қарамағындағы жұмыскерлер үшін жұмыс беруші ретінде де жарна аударады», — деді Е. Бахмутова.
Сонымен қатар, ӘМСҚ басқармасының төрағасы аударымдар жасалмайтын кіріс түрлеріне де тоқталды: қызметтік іссапар кезіндегі өтемақылық төлемдер, жұмысшыларды жеткізу бойынша шығындар, оқу ақысы, жәрдемақы, бюджеттен төленетін өтемақы, шәкіртақы мен сақтандыру премиялары, жұмысшының тікелей кірісі болып табылмайтын кірістер.
Сондай-ақ, ол медициналық сақтандыру жүйесіндегі қаржының қозғалу механизмін де түсіндірді.
ҚазТАГ