Еуразиялық Медиа Форумның үшінші күні масс медианың алыптары, әлем саясаткерлері қызу алаңда бас қосты. Форумның үшінші күнінің алғашқы мәжілісіндегілер күннің өзектілігіне айналған Сирия дағдарысы көпті толғандырғанын жасырмады. Яғни, Терроризммен күресте бірігіп, Сириядағы соғысты тоқтатуға барлық алпауыттар ниетті. Алайда, өзара мәмілеге келе алмаудан ешбірінің қолынан келер емес. Осы орайда Қазақстан Президентінің бастамасымен жүзеге асқан, «Астана процесі» Сирия сергелдеңін тоқтатудағы батыл да, табысты жоба болды. Ал, Қазақстан Сирия соғысына әскер жібереді деп желдей ескен бос сөзге Қазақстан Республикасының сыртқы істер министрі бір сөзбен «жоқ» деп жауап берді. Яғни, өз ұстанымы бар тәуелсіз Қазақ елі кез-келгеннің жетегіне еріп кететін емес, болашағын бағамдайтын біртұтас мемлекет екенін жеткізді министр.
Бүгінде сириядағы соңы жоқ соғыстың кесірінен өзге елге бас сауғалаған босқындардың қатары күннен-күнге артып отырғандығы жасырын емес. Сондай босқындар щекарасын аттаған елдің бірі Германия. Бүгінде сарапшылардың пікірінше Германияға миллионға жуық босқындар ауып барған. Өз кезегінде Германия оларға толық білім алып, өмір сүруге қолайлы жағдайлар туғызып отырғандығы жөнінде форум барысында германдық тілші мәлімдеді. Өз кезегінде тілші бұл босқындардың болашағы қандай болмақ, олардың барлығы өскен ортасында қалып қойса Сирияның келешегі қандай күйде болатындығы жөнінде сұрақ қойды. Бұл сауалға Сирияның Азат Армиясының саяси өкілі Салим Худайфа: Мен сириялықпын, сондықтан орын алған жағдай менің жанымды ауыртады. Бас сауғалаған бауырларымның қайтып келгенін қалаймын. Қайтып келуі міндетті. Бірақ ол үшін қиян-кескі соғыс тоқтау керек. Босқындардың елге қайтып келуі Сирия болашағы үшін өте маңызды,-деді.
Мәжіліс соңы Сириядағы кескілескен соғыстың өршуіне себеп болған сыртқы күштердің әсерін тоқтата отырып, қарапайым халыққа тыныштық өмір сыйлау үшін әлем елдері болып атсалысу қажет екендігі бойынша ой түйінделді.
Еңлік Заманхан