Елімізде жыл сайын 23 маусым күні — Қазақстан полициясы кәсіби мерекесін атап өтеді. Осыдан тура 10 жыл бұрын Елбасы полициялардың мерекелік датасын белгілеп, Жарлыққа қол қойған болатын. Яғни, 2007 жылдан бері тойланып жүр. Халықты қорғап, заңды қадағалап жүретін Оңтүстіктегі полициялар мерекені Абай саябағында бастап, Ассамблеяның ғимаратында концерттік бағдарламаға ұласты.
23- маусым қазақстандық полицияны құрған ардагерлер мен оның қатарында еңбек ететін қызметкерлерге алғыс білдіріп, ел тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін бейбіт күнде өз өмірін құрбан еткен полицейлерді еске алатын күн. Жалпы 1992 жылы «Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы» заң қабылданды. Ол қазақстандық полицияның міндеттері мен функцияларын анықтаған алғашқы құқықтық құжат. Міне содан бері 25 жыл өтіпті. Қазақстанның тыныштығы мен қауіпсіздігін қадағалап жүрген кәсіп иелері 25 жылдығына орай марапатқа бөленді. Яғни, ғұмырын полиция саласына арнап, зейнет жасына шыққан ардагерлер, генералдар Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі тарапынан марапатталып, құрметке бөленді.
Сақадай сай сап түзеген мына сарбаздардың әрқайсысы — өз ісінің шеберлері. Жол тәртібін ойлаған инспектор, қылмыскердің ізіне түссе, таппай қоймайтын тергеуші, маңызды объектілерді қорғайтын күзет қызметкерлері де осында. Бұл полицейлердің жұмысын көрсетіп, халыққа есімдерін таныстыратын БАҚ болса. Міне сол қаламгерлерде мерекелік медальмен марапатталып, алғыс алды.
Басымызға қауіп төніп, ұры-қарақшылардың құрығына ілінсек бірден 102-ні тереміз. Полицияға шағым айтып, арыз жазамыз. Халықтың мұңы мен зарына құлақ асатын кәсіп иелері мерекесіне байланысты сапқа тұрып, шеру жасады. Яғни, Абай саябағына жиналған қауым Ассамблеяның ғимаратына жаяу жол тартып, концерттік бағдарламаны көруге асықты. Жасөспірімдер тік тұрып қарсы алып, қошемет білдірді. Әскери қару жарақтар мен техникаларды тамашалап, мұнан кейін концерттік бағдарламаны көруге жайғасты. Әскери шенділердің құрметіне орай әдемі әуендер шырқалып, қарбалас тірліктен еңселері бір сәт серпілді.
Орайы келгенде айта кетейік «полиция» сөзі көне грек тілінің «полис», «қала» деген сөзінен шыққан. Қоғамдық тәртіпті сақтап, қылмыспен күресетіндердің жұмысы бір қарағанда жеңіл көрінеді. Бірақ бұл аса қауіпті мамандық. Тіпті осы қызметте жүріп, қаза тапқандарда аз емес. Концерттік бағдарламаға ұласқан шарада осының барлығы айтылып, Орган жүйесіндегілерге ерекше ілтипат жасалды. Қазақстан полициясының құрылғанына 25 жыл толған бұл мереке қарсаңында айтарымыз заңдылық пен тәртіпті қорғайтын мамандар көбейсін. Ел тыныштығын қорғау жолындағы қажырлы еңбектеріңізге сәттілік.
Бағлан Байкөбекқызы